Алматы облысы Қарасай ауданындағы Долан халқы жаз бойы суға жарымай отыр. Бір жеті бұрын ауылдағы негізгі сорғы жүйесі күйіп, халық тірішілік нәрінен мүлдем қол үзіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде 300-ден аса шаңырақ түтін түтеткен ауылда ауыз су мәселесі өзекті. Көпшіліктің айтуынша, су жазда аптасына екі-үш рет, бірер сағатқа ғана беріледі. Ал терең ұңғыма сорғысы істен шыққалы елдімекен мүлде тіршілік нәрінсіз қалған. Ауыз сусыз күнкөрісі қиындаған жұрт ауыл көшелерін жауып, шағымын жеткізді.
– Биыл аптап ыстықта 10 күннен бері су жоқ. Үйде үлкен кісілер бар. Электр жарығы бірде жанып, бірде сөніп қалады. Үйдегі тұрмыстық техниканың бәрі күйіп кетті, – деді Долан ауылының тұрғыны Жазира Жомарт.
– Су мәселесі жылдан жылға қиындап барады. Бір жеті мүлде су болмады. Ақшасын төлеп отырмыз, – деді Долан ауылының тұрғыны Жақсыбай Түгелбаев.
Долан ауылындағы 300-ден астам адам дәл осындай екі ұңғымадан су ішіп отыр. Бірақ бір жеті бұрын жүйеде апат болып, құбыр толық істен шықты. Жауаптылардың айтуынша, жүйе ескірген. Ұңғыма 1979 жылы салынған. Қарасай ауданы әкімдігінің мамандары жазда тапшылық байқалады, бірақ келесі жылы жаңа су құбыры жүргізіліп, мәселе толық шешілуі тиіс дейді.
– Бір ұңғымада сорғы күйіп кеткен болатын, ол ауыстырылды, жаңа ғана мұнара басына барып қайттық, сорғы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қатты ысып кеткенде тапшылық байқалады. Өйткені тұтынушылар тым көп. Бүгінде Қаскелеңде топтық су құбыры жобасы жасалып жатыр, аудан бойынша 18 елдімекенге су беріледі, оның ішінде Долан ауылы да бар, – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров.
– Халықтың сұрауы бойынша қосымша ұңғыма жасап, жақын арада іске қосу амалын қарастырамыз. Сәуірде сатып алғанда мұншалықты көп мәселе туындайтынын білмедік, – деді мердігер компанияның өкілі Ермек Нәбиев.
Қазір екі терең ұңғымадан 304 үй су алады. Жүйедегі ақау жөнделді, бірақ кей жерде су әлі де тамшылап ағып тұр. Ал жергілікті әкімдік өкілдері келер жылы түйткілдің түйіні тарқайтынын мәлімдеді.
Әйкерім Пернебек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: Қарағандыда құбыр жарылып, цехты су басып қалды