Халық санағының онлайн түрі 4 күннен кейін тоқтайды. 15 қазанға дейін қала тұрғындарына қашықтан тіркеуден өтуіне болады. Бүгінде Алматы қаласы бойынша виртуалды санақтан тұрғындардың 27 пайызы өткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халық санағын ұйымдастырудағы мақсат – демографиялық көрсеткіштерді нақтылауға мүмкіндік беру. Қайда және қанша жұмыс орнын құру керек екенін, қанша тұрғын үй, мектеп, балабақша, аурухана мен басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салу қажеттігін анықтауға көмектеседі.
«15 қазанға дейін еліміздің кез келген тұрғыны арнайы мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында және «Aitu» мобильді қосымшаларында, eGov платформасында санақтан онлайн режимде өте алады», – деді қалалық Статистика департаменті ұлттық халық санағына дайындық бөлімінің басшысы Шырын Тіленшиева.
Жалпы, соңғы күндегі ақпарға сәйкес, ел азаматтарының 37 пайызы онлайн санақтан өтті. Көш басында Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облысы тұр. Ал үй-үйді аралау арқылы жүзеге асатын дәстүрлі санақ жалғасып жатыр. Науқан 30 қазанға дейін созылады. Алматы қаласы бойынша қазір 66 мыңнан астам анкета толтырылған. Онлайн мен үйді аралау санағын қосқанда қаладағы респонденттердің көлемі 30 пайыздан асты.