Құмар ойынның құрығында жүргендерге қандай көмек көрсетіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Елімізде 350 мыңға жуық лудоман бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел билігі 2026 жылға дейін жылдар бойы құмар ойынның құрығында жүргендердің санын екі есеге қысқарту үшін лудомандарға мемлекет есебінен тегін емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалту ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құмар ойын деген қауіпті дерттің талай шаңырақтың шайқалуына, туыстық-достық қатынастардың үзілуіне және одан да сорақы қайғылы жағдайға себеп болғаны жасырын емес. Назгүл мен Айбардың берекелі отбасының ойраны да осы құмар ойыннан шыққан. Жас жанұяның екі баласы да ойынқұмар әкеге тоқтау бола алмады. Түзеліп кетер деген үміттің жетегінде 5 жыл жүрген Назгүл ажырасуға бел буған.

– Үйленгенде бәрі жақсы болды. 2-3 жыл өткен соң, жолдасымның құмар ойынға қызығып жүргенін байқадым. Алтын заттарым жоғала бастады, айлығын көрмейтін болдық. Бұл әрекетінің дұрыс емес екенін айтып, оны тоқтатуға тырыстым. Мешітке барып тура жолға салуға, психологтардан көмек алуды ұсындым. Үнемі тек уәде береді. Өтірік айта бастады. Ажырасып кеттік. Арамызда екі бала бар, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны.

Психологтар «адам көп бәс тіккен сайын ақ-қараны ажырата алмайтын күйге түседі» дейді. «Барлығы бақылауда, кез келген сәтте шыға аламын» деп ойлайды. Сондай-ақ олар ешқашан «құмар ойынның құрбанымын» деп мойындамайтын көрінеді. Ал мамандардың айтуынша, дерттен айығуы үшін жақын адамдарының қолдауы өте қажет.

Олар ата-анасымен, туған-туыс, достарымен қарым-қатынасын үзіп, оқуға, еңбекке деген құштарлығы азайып, ортамен байланысы тоқтайды. Құмар ойынға тәуелді ер азаматтар аз хабарласады, бірақ олардың анасы мен әйелі көп көмек сұрайды. Олармен ұзақмерзімді жұмыс жасалып, нәтижелі еңбек жемісін берді, – деді психолог Тоғжан Танабаева.

Қарызға белшесінен батып, тығырықтан шығатын жол таппай, ауыр күйзеліске түскен адамның іс-әрекетін болжау қиын. Мұндай күйде азаматтың заңсыз әрекетке баруы да ғажап емес. Мамандар «бар жиған-тергенін, дүние-мүлкін қаймықпастан ойынға тігетін адамдардың бұл дерттен айығуы өте қиын» дейді.

 – Біраз адам «құмар ойыннан қалай құтылуға болады?» деп көмек сұрап келді. Тіпті өзіне қол салуға дейін барып, тоқтағандар кездесті. Ол – үлкен күнә. Сондықтан ақыл айтып, көмектесуге тырысамыз, – деді Б. Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бейбіт Жансарин

Ашық деректерге сүйенсек, елімізде 350 мыңға жуық лудоман бар. Бұл – тек тіркелгендері, ал тізімге ілікпей бір рет ойнап көрейін деп от басқан жандардың саны қанша? Бұл сұрақтың жауабы белгісіз күйінде қала бермек.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желі арқылы заңсыз ақша тапқан тұрғын ұсталды

Новости партнеров