Алматы облысында иттің еті саудаға түсуі мүмкін. Осылай деген еріктілер әлеуметтік желіге басы кесіліп, терісі сыпырылған төрт аяқтылардың бейнежазбасын жүктеп, жауаптылардан істің ақ-қарасын ажыратуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар мұның бәрі жануардың етін саудалау үшін жасалған деген ойда. Тіпті күдіктенген адамдары да бар екен.
Бұл – бұқара бассыздық деп баға берген бейнежазба. Еріктілердің айтуынша, басы кесіліп, бақайшықтары бөлек жатқан иттердің өлексесі Талғар ауданына қарасты Кеңдала мал қорымынан табылды.
Желідегі бейнежазба дәл осы жерде түсірілген. Авторы оны 2022 жылдың 22 қарашасында жазып алғанын айтады. Ал мал қорымын қазір көміп, жауып тастапты. Талғар ауданы бойынша үш қорым бар екен.
«Бұл жер түгел ашық жататын, есік арқылы кіріп, шығатынбыз. Бұл жерге бірнеше мәрте иттің ішек-қарнын әкелген. Біздің тауып алып түсіргеніміз, ол бір-екі қап қана», – деді зооерікті Лейла Фатианова.
Ал бұрын түсірілген видеоны тек жақында жариялаған жануар жанашырлары «ит сойып жүрген күдіктілерді өзіміз ұстап көрмек» болдық дейді. Сөйтіп, арнайы фототұзақ та құрып көріпті. Айтуларынша, аудандағы мал дәрігерлерінің көлігін де маңнан түсіріп алған.
«Біреулердің жаңағы бізге жасаған қастандығы деп ойламын. Ондай әңгіме болған жоқ, Кеңдаладағы мал қорымын наурыз айының соңында 3 шұңқыр малдың өлексесіне толған. Сондықтан біз оны жауып тастағанбыз. 2 жылдан бері ол жерге малдың өлексесін, иттің өлексесін тастамаймыз. Жігіттер сенбілікке шыққанда мал қорымын алдын, артын тазалаған. Мүмкін сол кезде түсіріп алған шығар?», – деді Талғар ауданы ветеринариялық стансасының басшысы Сағындық Париев.
«Жануарлар жазықсыз қырылып жатыр» деген белсенділер істі соңына дейін апармақ. Тіпті қазір көміп тасталған мал қорымын қайта ашып, мәселенің анық-қанығын білуге дайын екенін жеткізді.
«Иттің етін корей кафесінде әлі сатып жатыр. Сұраныс өте көп, мұны көзімен көргендар айтты. Сонымен қатар, иттің еті тек кафеде емес, басқа да жерлерге сатылуы мүмкін», – деді зооерікті Оксана Запуниди.
«Қылмыстық құқық бұзушылық ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 1-бөлімінде көзделген, қылмыс бойынша яғни, жануарларға қатыгездікпен қарау фактісі бойынша сотқа дейінгі тексеруге тіркелді», – деді Талғар аудандық Полиция басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Райымбек Рыскелді.
Талғарда мал өлексесін тастауға арналған үш қорым бар. «Оған мал дәрігерлерінің келіп, кетуі заңды» дейді мамандар. Ал Кеңдаладағы бұл орынның жабылуына маңайындағы елдімекеннің жақын орналасуы себеп болған екен. Бұл іс енді полиция бақылауына алды.
Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы