Қазақстанда заңсыз қоқыс полигондары көбейіп келеді. Бүгінде олардың ресми саны 3 мыңнан асқан. Бірақ тек 20 пайызы ғана талапқа сай. Тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орындарды ретке келтіруге жергілікті әкімдіктердің әрекеті нәтижесіз болып жатқан көрінеді. Бұл туралы еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда жылына 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық жиналады. Оларды сұрыптау, қайта өңдеу үшін барлық өңірде бірдей жағдай жасалмаған. Соның салдарынан ашық-шашық шашылып жатқан полигон саны көбейетін көрінеді. Экология министрі мәселені бірнеше сала өкілдерімен бірлесіп шешуге білек сыбанып отыр.
– Әкімдіктермен және орталық мемлекеттік органдармен Өнеркәсіп және құрылыс, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп шағын және шалғайдағы елдімекендерде қатты тұрмыстық қалдық полигондарын ресімдеу тетіктерінің пысықталып жатқанын атап өткен жөн. Атап айтсақ, осы орындарға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және құрылыс саласындағы талаптар талқылануда, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев
Алдағы алты жылда елде қалдықтарды қайта өңдеу қазіргі 24 пайыздан 40 пайызға дейін жетуі керек. Бүгіннен бастап елде «EcoQolday» экологиялық жобасы іске қосылды. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаға қарапайым тұрғындар да атсалыса алады. Бастама аясында әрбір үйдің ауласында пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын фандомат орнату қолға алынбақ.
– Біріншіден, қалдық шығарған тұрғын – жинаушы, тасымалдаушы. Бірінші қалдық жиналған кезде тұрғын мобильді қосымша арқылы жиналған қалдықты сататынын айтады. Ай бойы жиналған қалдық жүйеге енгізіледі, – деді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай.
Өткен жылы елде қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындарға 323 млрд теңге айыппұл салынған. Арнайы жүргізілген тексеріс нәтижесінде 1600-ден аса заң бұзылған. Сала жетекшісі «ережені ескермегендер қатарында ірі кәсіпорындар да бар» деді. Алдағы уақытта 50 ірі кәсіпкерлік нысаны жаңа технологияға көшуі мүмкін. Бастама зиянды қалдықтарды жылына 900 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік бермек.
Қоқыста қомақты қаржы бар. Енді тұрғындар тұрмыстағы керексіз қалдықтарды лақтырып тастамай өңдейтін жерге өткізе алады. Шыны, пластик, қағаз жеке сұрыпталып бағаланады. Бұл азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеудің тағы бір жолы.
Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар бейбіт шеруге шықпақ