|
25.08.2021 | 19:22
965

Әкімдікке бермейміз: Елордалықтар демалыс орнын құрылыс алаңына айналдыруға наразы

30 жыл тұрған ағаштарды кесіп, орнына үй тұрғызбақшы

30 жыл тұрған ағаштарды кесіп, орнына үй тұрғызбақшы. Нұр-Сұлтан қаласының Абылай хан көшесінің бір топ тұрғыны демалыс орнын құрылыс алаңына айналдыруға наразы. Олар айтқанымыздан қайтпаймыз, өзімізге тиесілі жерді әкімдікке бермейміз деп бекініп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Абылайхан көшесінде орналасқан 55-ші тұрғын үйдің халқы 30 жылдан бері мына бақта серуендеп, балаларымыз асыр салып ойнап жүруші еді деп еске алады. Қазір сол күн сағымға айналған. Себебі әкімдік халыққа тиесілі бақты алып қоймақшы деп шағымдануда.

«Мына жерге үй салмас үшін, біз мамыр айынан бастап барлық жерге шағымдандық. Себебі осы кішкентай жерге 3 үй салмақ ойы бар. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне арыз жаздық. Бірақ олар халықтың арызымен жұмыс істей алмайтынын көрдік», – деді қала тұрғыны Алма Салықбаева.

Халықтың сөзінше, мұнда бір емес 3 үй салынбақшы. Енді тұрғындар балаларымыз қайда ойнап, демалады деп алаңдаулы. Оның үстіне үйдің маңындағы сасық иісі тағы бар. Одан бөлек құрылыс компаниясы 11 шілде күні келіп ағаштарды кесіп тастапты.

«Осы бір болмайтын жерге кәдімгідей талас, соғыс болып жатыр. Бізге мына кішкентай балалармен шығып, таза ауа жұтатын орын жоқ. Алыс жерде сквер деген бар. Ол жаққа барайық десек адам қаптап жүреді ол жақта. Өйткені ондай орын бұл жерде аз», – деді қала тұрғыны Гүлнәрім Әубәкірова.

Алайда қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы ағаштардың заңсыз кесілгенін растап отыр. Жерді өз иелігіме алдым деген құрылыс компаниясы ешкімнің рұқсатын алмай бірнеше ағаштарды заңсыз кесіп әкеткен көрінеді. Енді айыбын өтеуі тиіс.

«Ағаштардың көлемі 3.5 метр болу керек. Содан кем болмау керек. Отырғызылған 220 дана ағашқа  кейін оған кепілдірілген күтім қарастырылған. 2 жыл бойы мекеме өзі қызмет етеді. Содан кейін барып, оны қаланың балансына береді. 2 жылда сол ағаштар қурап қалатын болса, сол мекеме ағаштарды қайтадан отырғызып береді», – деді қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Уәлихан Қуанышев.

Әкімдік тұрғындардың пікірімен келіспейді. Себебі әу бастан бұл жердің өз иесі бар екенін айтады. Яғни құжат жүзінде ешқандай да бақ емес.

«Қазіргі таңда бұл жердің иесі бар. Ол осы жерге үй салуға рұқсат алған. Яғни барлығы заң жүзінде іске асуда. Жалпы 2004 жылғы құжат бойынша 9 қабатты үй салынуы керек болған. Алайда құрылыс компаниясы 9 қабат емес, 6 қабатты үй салғысы келді», – деді «Алматы» ауданы жоспарлау бөлімінің басшысы Сұлтан Аяпбергенов.

Иә, жақын арада бұл жерге 6 қабатты тұрғын үй салынады. Бірақ алдымен 11 дана ағашты заңсыз кескені үшін 220 дана ағашты Абылайхана даңғылына отырғызу керек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир