|
21.12.2021 | 21:15
8086

Атырауда баспанасыз қалған жүзден астам үлескер наразылық білдірді

Құрылыс компаниясы банкротқа ұшырағандықтан, барын салған тұрғындар түксіз қалған

Атырауда баспанасыз қалған жүзден астам үлескер наразылық білдірді Almaty.tv

Атырауда жаңа баспанаға қол жеткіземіз деп далада қалған 100-ден астам тұрғын наразылық білдірді. Осыдан екі жыл бұрын мердігер компания қаланың қақ ортасынан жаңа пәтерлерге қолжетімді бағада ие болғысы келетін тұрғындардан алдын ала төлем алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Ал қазір құрылыс алаңында бірде-бір адам жоқ. Бар ақшасын салып жібергендер не істерін білмей дал. Басқа инвесторлар келіп, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бағаны бұрынғыдан екі есе ұсынып отырған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Әбілхайыр ханның атына берілген көшенің көркін кетіріп тұрған үйлерді маңғыстаулық «Жібек жолы» компаниясы бастап салған. Карантин кесірін себеп қылып үйдің берілу уақытын кейінге шегере берген. Бір қызығы, алғашқы ақша салғандар осы жылдың қараша айында баспанасын алып, қоныс тойын тойлап жатуы керек еді. Алайда компания банкротқа ұшырағандықтан, барын салған тұрғындар түксіз қалған сыңайлы.

«Бізде 50 немесе 100 процент ақша салғандар да бар. Тұрып жатқан үйлерін сатып жіберіп, 5 баламен далада, пәтер жалдап жүргендер де кездеседі. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 1 адам да жоқ. Ұзынқұлақтан естігеніміз, бұл компания банкрот болған және ақшаның бәрін басқа инвестор сатып алмақшы. Ол инвестор сатып алғанның өзінде, алған сомамен емес, екі есе қылып сатқысы келіп отыр», – дейді қала тұрғыны Алфинур Абуғалиева.

Әр нәрсені себеп қылып, ақыр аяғында хат-хабарсыз кеткен компания қалалық сәулет бөлімінде де құжаттарын толық дайындамаған көрінеді. Енді әкімдік тарапы бар мақсат – құрылысты аяқсыз қалдырмау дейді. Құрылыс бөлімі болса 100-ден астам үйсіз қалғандарға тиісті органдарга ревизорлық комиссия құрып, шағым түсіруден басқа шара жоқ деп отыр.

«Әрбір адаммен келісімшартқа отырғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде сәулет бөлімінде тіркелу керек еді. Алайда ол бойынша тіркелмеген екен, мен тексеріп шықтым. Сондықтан тұрғын үй құрылысын жүргізетін компанияны тауып алып, жүзеге асыру мерзімі қашан екенін анықтауымыз қажет», – деді Сәулет және құрылыс басқармасы бөлім басшысының орынбасары Марат Қуанышқалиев.

Ал жаңадан келген компания әзірге құрылыс алаңында аудиторлық тексеріс жүргізіп жатқанын айтады. Сатылатын үйлердің бағасын құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бұрынғыдан 2 есеге дейін көтеруі әбден мүмкін. Тұрғындар баспаналарын бұрынғы бағамен алғысы келетінін жасырмады. Олай болмаған жағдайда, салынған қаражатты толық қайтаруды сұрап отыр.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир