|
07.04.2021 | 19:26
5587

Жамбыл облысында балық өсіріп отырған шаруаның жерін әкімдік тартып алмақшы

Аудан әкімдігі неге мардымды жауап бере алмай отыр?

Жамбыл облысында балық өсіріп отырған шаруаның жерін әкімдік тартып алмақшы

Жамбыл облысында балық өсіріп отырған шаруаның жерін әкімдік тартып алмақшы. Осылай деген кәсіпкер, «аудан әкімдігі мені сотқа беріп, келіп тұрған суды бөгеп,  ондағы өсіріп отырған балықтарды талан-таражға түсірді» дейді. Салдарынан бір жыл бұрын жүріп тұрған жұмысы тоқтап, айдындары жарамсыз күйге жеткен. Ал, аудан әкімдігі неге  мардымды жауап бере алмай отыр? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает тарқатады.

Бір жыл бұрын біз тұрған шаруашылықта 50 000 шабақ өсіріліп, өндірісі өркендеп тұрған болатын. Қазір мұнда келер су жабылып, балықтың барлығы қырылып қалған. Салдарынан шаруашылықтың жұмыс тоқтап тұр.

Әбдіраман Жолдасбайұлы балық кәсібін бастау үшін 2018 жылы Байзақ ауданы Түймекент елдімекені маңынан 21 гектар жерге өтінім береді. Азаматтарға арналған үкімет жеке кәсіпкердің өтінімін мақұлдап, аудан әкімдігіне жолдайды. Алғашқы түсініспеушілік осы арадан басталған. Яғни, әкімдік 21 гектардың орнына 12,5  шаршы шықырымды алуға үгіттеген. Басқасының болмайтынын естіген кәсіпкер амалсыз келіскенін айтады.

«21 гектар жерді мақсат қылдым. 21 гектар жер телімге қаржылай шығын шығарып жұмыс істедім. Енді 90 күннің ішінде маған жергілікті атқарушы орган ол құжатты рәсімдеп бермеген соң, мен шарасыз болдым. 12,45 гектар жердің құжаттарына қол қойып жұмыс істеуге», – деді жеке кәсіпкер  Әбдіраман Тұрсынбаев.  

Солайша 12 гектардан аса аумаққа әкімдік бір күннің ішінде құжат жасап берген. Балықшы жұмысын бастап, өздері жасаған 12 әуітке шабақ жіберіп, шілдеге дейін балық өсіреді. Дегенмен тағы бір кедергі кесе көлденең шығады. Сөйтсе, берілген жер су қорынікі болып шығады. Яғни, оны аудан басшысы емес, тікелей облыс билігі ғана беруге құқылы екен. Прокуратураның наразылығынан соң, аудан әкімдігі кәсіпкерді 4 рет сотқа сүйреген.

«Мені бірінші (сотқа) Байзақ ауданының әкім берді. Өзі шығарған заңға қайшы қаулыны жойғысы келді. Мен 27 млн ақша шығын шығардым. 3 ай бойы мен істеп отырған кәсібімді Әкім Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы заңға қайшы әрекет жасап, жүріп тұрған кәсіптің суын тоқтатып, балығын талан-таражға салып, көзімше таратып жіберді», – деді жеке кәсіпкер  Әбдіраман Тұрсынбаев.  

Мәселені білу үшін аудан әкіміне арнайы бардық. Бірақ өз кабинетінде жиналыс жасаған басшыны кейін таба алмай қалдық. Орнына орынбасары сұқбат берді. Олар өз құқығын талап еткен Тұрсынбаевқа ренжулі секілді. Түрлі органдардың табалдырығын тоздырғандықтан, осындай шешімге келгенін айтты.

«Қайта-қайта қоймай, анау органға, мынау органға бұл кісі жүгіне береді, жүгіне береді. Одан кейін осындай шешім қабылданып жатқан түрі бар. Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі екеуі арасында жасалған жерді жалға беру туралы шарттың күшін жою туралы шағым келтірді», – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков.

Ақыры 5 жылға жалға алынған жердің күші жойылған. Ал, кәсіпкер салған миллиондарды кім қайтарады? Аудан басшылығы облыстық жер инспекциясынан осы тұрғыда кеңес алып жатқан көрінеді. Бірақ тағы да нақты жауап жоқ. Облыс басшысы жыл басында балық кәсібін дамытып, жылына 8000 тонна өнім өндіреміз деп еді. Дегенмен кейбір аудандар бұл тапсырманы пысқырмайтын секілді.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир