|
22.01.2021 | 19:26
8068

Шымкентте медицина саласы пара алудан көш бастап тұр

Қала әкімі бастаған билік өкілдері өз ұсынысын айтты

Шымкентте медицина саласы пара алудан көш бастап тұр Almaty.tv

Шымкентте медицина саласы пара алудан көш бастап тұр. Осылай деген жауаптылар жемқорлықтың көзін жою үшін жиын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі бастаған билік өкілдері өз ұсынысын айтты. Олардың сөзінше, бармақ басты көз қысты әрекетті тоқтату үшін сала қызметкерлерінің жалақысын  көтеру керек.

Шымкентте парақорлар көшін медицина мамандары бастап тұр. Тіпті, оны қаланың бас дәрігері де мойындап отыр. Бақытжан Позиловтың сөзіне сенсек,  ауызбастырық алу, әсіресе, пандемия кезінде күшейіп кеткен. Ақша көрмесе, адам емдемейтін ақ халаттылардың барын басшы білемін дейді.

«Өзекті мәселе –  медициналық көмек көрсету кезінде пара алу. Оны бәріміз өткенде жиналыста да айттық. Екі рет жиналған кезде. Анықтама үшін 1000 теңге. Анау үшін 2000 теңге деген сияқты немесе операция алдында, операциядан кейін реаниматологтардың алатыны бәріңізге аян», – деді  қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.

Шымкент медицинасындағы былықтан қала әкімі де хабардар екен. Мұрат Әйтенов  дәрігерлер мен науқас туыстарын кездестірмеу керек деп кесіп айтты. Сонда ғана денсаулық сақтау саласындағы бармақ басты көз қысты әрекет жойылмақ.

«Мүмкін, сіздер білмейсіздер. Мүмкін білесіздер. Әркімде әртүрлі. Соған барып, рахмет айтады. Кірмеу керек оған. Бәрі келеді порталмен, төленеді ғой отасына. Оның барлығы электрондық жүйеде болады, дәрігерлер мен пациенттің туысқандары кездеспеу керек», – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Медицинадағы парақорлықтың тағы бір ордасы  анықтама орталығы екен. Осылай деген қала әкімі медициналық анықтаманы оңды-солды тарататындардың да көзін жою керек дейді. Және дәрігерлер айлығын көтерсе, мәселенің түйіні тарқайтынына сенімді.

«Бас дәрігерлер ота жасайтын дәрігерлерден кем алады. Инфекционист дәрігерлер аз алады. Анада таң қалдым. 700 мыңға дейін алады кейбір дәрігерлер. Ал біздің бас дәрігер 130 мың алады», – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Еске сала кетейік, биыл Шымкент бойынша 2 емхананың бас дәрігері сотталған еді. Олар пара алу және мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін 4 жылдан 7 жылға дейін мерзім алды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир