Алматыдағы Зерделі ықшамауданында қисайған 3 көпқабатты үйдің іргетасы нығайтылды. Қазір олардың қасбеттері сырланып, аулалары абаттандырып жатыр. Алдағы уақытта тағы дәл осындай 10 үй жөнделмек. Бұл мәселені өзінің бақылауына алған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы инженерлік нысандардың құрылыс қарқынынымен танысты. Жұмыс сапары кезінде қала басшысы жергілікті халықпен де кездесіп, жаңадан бой көтерген әлеуметтік мекемелердің сапасына баға берді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Алатау ауданындағы №168 лицей 360 орынға шақталып соғылған ғимарат. Оқушылар санының көбеюіне байланысты былтыр маусым айында мектептің жанынан жаңа корпустың құрылысы басталған. Ауданға жұмыс сапармен келген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ең алдымен осы мекемені аралап, біткен шаруаны бағалады. Қосымша нысан биыл оқу жылында толық іске қосылмақ.
Лицейге жапсарлас салынған бұл ғимарат 125 балаға арналған. Нысанның құрылыс жұмысы былтыр мамыр айында басталып, биыл тамызда түгел қолданысқа берілмек. Қазір мұнда заманауи үлгіде салынған спорт алаңы, асхана, жуыну және киіну бөлмелері бар. Одан өзге жаңа техникалар және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген математика, физика, химия секілді 17 сынып бөлмесі де жасақталған.
«Жалпы көлемі 4939 шаршы метр болады. 180 орындық үлкен асханасы бар. Өте кең. Болашақта осы мектептен үлкен азаматтар шығады деп ойлаймын. Білім алуларына барлық жағдай жасалып тұр. Үкіметке, аудандық білім бөліміне рахмет айтамын», – деді №166 лицей директорының орынбасары Рәмиля Мырзамұратова.
Бүгінде Алатау ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 24 ойын аймағы құрылмақ. Солардың бірі – Райымбек даңғылы мен Момышұлы көшесінің қиылысындағы көпір астында бой көтерген балаларға арналған спорт кешені қазір реконструкцияланып жатыр. Одан бөлек, Әйгерім шағын ауданында жергілікті аймақ көріктендіріліп, Мөңке би мен Әлмерек көшелерінің қиылысындағы артезиан бұлағының айналасы тазартылып жатыр. Осылай, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарымен танысу кезінде қала әкімі Алғабас ауданына да барып, инженерлік желілер құрылысының қарқынын тексерді. Мұнда тек Алдияр көшесінде магистральді су және кәріз құбырларын салу шаруалары 70 пайызға аяқталған. Ал 15 тамызға дейін жұмыс толық бітеді. Осы тұста, жергілікті халық сапалы жұмысқа дән риза.
«Бұрын өте нашар болды. Ол кезде мына жерді айтып жеткізу қиын. Аяғымыз батпақ болып жататын. Қазір қуанып тұрмын», – деді Алғабас шағын ауданының тұрғыны Әтіркүл Оспанова.
«Халық куә ғой, мына жер масқара еді. Құдайға шүкір, қазір жасалып жатыр. Асфальттап жатыр, су жүретін арық салды. Әкімдікке істеп жатқан тірліктеріне рахмет!» – деді Алғабас шағын ауданының тұрғыны Қанат Тоқтасынов.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Нұркент ықшамауданында бой көтеріп жатқан «Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» құрылыс алаңында болды. Жаңа медициналық мекеме Елбасының тапсырмасы бойынша салынуда, әрі 350 төсек орынға есептелген. Мегаполис басшысы аталған нысанмен қатар, наурыз айында аудандық басқарма жанынан ашылған полиция бөлімшесін де аралады. Жаңа үлгіде жасақталған екі қабатты ғимарат қазір жергілікті 97 мың халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
«Полиция бөлімшесінің орналасқан жері өте ыңғайлы. Өйткені бізде халыққа қызмет көрсету орталығының маңайында тұр. Осында тұрғындардың барлығы кез келген уақытта, тәуліктің қай уақытында болса да келіп, шағымдарын айтуына мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Бүкіл халық осындай полиция бөлімінің ашылғанына өте қуанышты», – деді Алатау ауданының тұрғыны Жұпар Байсалбекова.
Жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев Зерделі ықшамауданында да болып, ондағы қисайған үйлердің іргетасын нығайту шаруаларының барысын тексерді. Тұрғындармен тілдескен қала басшысы бұл нысанды ерекше бақылауға алғанын жеткізді. Қазір мұнда 3 тұрғын үй нығайтылып, қасбеттері сырланып жатыр. Алдағы уақытта дәл осындай тағы 10 үй жөндеуден өтпек.
«2015 жылы тұрғындар жаңадан көшіп келгенде ең алғаш 136-үйдің тұғыры қисайған еді. Қазір ақырындап жөнделіп жатыр. Енді кезекте 151-үйді жасайды, цемент құйып бастады. Бұл жұмыстар біткен соң, аулаға гидрооқшаулау мен арық жүйесі жүргізіліп, есік алды да абаттандырылатын болады», – деді Зерделі ықшам ауданының тұрғыны Данара Рахимова.
Одан өзге, Нұркент ықшамауданында спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық берілуде. Бақытжан Сағынтаев мұнда құрылысы жүріп жатқан екі бірдей теннис алаңын аралап, олардың сапасына баға берді. Мұнда 10 ашық және 4 жабық кортты орталық пен инвестор салып жатқан үстел теннисі және спортшыларға арналған қонақүй бар. Сонымен қатар, Зерделі ықшам ауданында да «дене шынықтыру сауықтыру кешені» бой көтеруде. Аталған нысан 3 бөліктен тұрады және жалпы аумағы 1 жарым гектарға жетеді. 1-маусымда басталған шаруа келесі жылы наурызда аяқталады деп жоспарланған.
«Бұл 3 блоктан тұрады. Бірінші блогында бокс залы бар, екінші блогында алдыңғы корпус пен жаттығу залы бар. Ол екі қабаттан тұрады. Ал, үшінші блогында жалпы үлкен спорт залы болады. Қазір жер қазу жұмысы жүруде. Істеп жатқан техникалардың бәрі бар, өзіміздікі», – деді мердігер компанияның прорабы Әділбек Қарабалаев.
Мамыр айында Ақбұлақ ықшам ауданында жекеменшік балабақша іске қосылған еді. Қазір мұнда 16 топ бар және 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қабылдануда. 320 бүлдіршінге шақталып ашылған бұл нысанның ішкі құрылымымен танысқан қала әкімі Білім басқармасының басшысына аз қамтылған отбасылардың балаларына төленетін өтемақы мәселесін пысықтауды тапсырды.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы