Теректі ауылының тұрғындары үреймен күн кешуде

Теректі ауылының тұрғындары үреймен күн кешуде
Себебі сүріліп, орнына автовокзал салынуы тиіс үйлердің сиқы апаттық жағдайға жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыл тұрғындарының өміріне қауіп төндіріп отыр! Осылай деп мәлімдеген Алатау ауданына қарасты Теректі ауылының тұрғындары өркениеттен мақұрым қалдық деп отыр. Жарық пен жолды былай қойғанда, толық сүріліп бітпеген үйлерге кім көрінген келіп, қалаған уақытында қоныстанады екен. Көбісі нашақор мен ащы суға сылқия тойып алғандар болса керек.  Ауыл шетіне автовокзал саламыз деген шенеуніктердің шешімінен кейін қолына ақшасы тиген тұрғындар кетуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қалаға қосылғанына 6 жылдан асса да Теректі ауылынан қала өмірінің нышаны байқалмайды. Казмис көшесінің тұрғындары төнген қауіптен баламызды сыртқа шығарудан қалдық дейді. Себебі сүріліп, орнына автовокзал салынуы тиіс үйлердің сиқы апаттық жағдайға жеткен. Қараусыз қалғанның кесірінен үйлер жын-жыбырлардың мекеніне айналған.

«Жоспар бойынша бәрі жақсы. Қазір енді ешқандай қозғалыс жоқ. Құлаған үйлердің орнына шөп қаулап өсіп кеткен. Осы қалың шөптің арасында небір пәлелер болады. Балалар сырғанақ жасап,  секіріп ойнап, астында қалып қойса не болады? Ата-анасы зардап шегеді. Бала – біздің болашағымыз», - деді тұрғындардың бірі.

Дәл осы құлаған үйдің шатырын балалар сырғанақ орнына айналдырған. Егер биылдан қалдырмай тезірек сүріп тастамаса ойын балалары осы жерге асығып тұрады дейді тұрғындар.

Кейінгі кезде бала емес үлкендердің өзі аялдамаға әзер жететін халге жеттік дейді тұрғындар. Ауылды Райымбек көшесімен жалғайтын төте жолдың бойында қаңғыған иттер қаптап, жол бойы қорқынышқа айналған. Бір емес бірнеше мәрте әккі ұрылар осы жолдың бойын торуылдап, тұрғындарды соққыға жығып тонап кеткен.

«Бұл жер нағыз қоқыс орталығына айналды. Бір жерде ит, бір жерде мысық өліп жатады. Балалардың баратын жері жоқ. Айналаның бәрі қауіпті. Шынымды айтсам, күн сайын үреймен өмір сүріп жатырмыз. Қираған ғимараттардың іші нашақорлар мен алқаштардың, үйсіздердің ордасына айналды. Екі жыл бұрын көршімді ұрып, тонап кетті. Емханада емделіп шықты», - деді  Сандуғаш АХМАДИҚЫЗЫ.

«Таңертең жетілер шамасында жұмысқа кетіп бара жатқам. Артымнан белгісіз біреу келіп желкемнен бір ұрып құлатып, жеке заттарымды қолды етті. Есімнен танып қалдым. Өз-өзіме келген соң полиция қызметкерлерін шақырып арыз жаздым. Олар ешнәрсе істемеді. Ақыры оқиға болған жерге барып, құжаттарымды шашылып жатқан жерінен өзім тауып алдым», - деді Үнджам СУПИЕВ.

Ол аздай, жұрт тас төселмеген жолдың кесірінен жауынды күндері балшықтан аяқ алып жүре алмай, жазда шаң жұтуда.

«Жаңбыр болғанда мына арадан адам жүре алмайды. Балаларға обал. Мектепке бара алмайды. Өзі айналдырған екі-ақ көше, жарық қойса болады ғой. Акиматқа айта-айта шаршадық», - деді Бигелді ӘМІРЕНОВ.

Көшенің жарығы пен тас жолына жауапты Алатау ауданының мамандары мәселе қашан шешілетінін нақты айта алмады. Тек қазір құжаттар әзірленіп жатқанын сөз етіп, алдымен жарық тартылып, сонан кейін ғана жол төселеді дейді.

«Қазіргі таңда «Теректі» ықшамауданында инженерлік құрылыстың жүргізілуі бойынша Алматы қаласы инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан жобалық сметалық құжаттар жасалуда. Құжаттар ағымдағы жылы аяқталады. Келесі жылы құрылыс жұмыстары жоспарлануда», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналды-шаруашылық бөлімінің  бас маманы Ертіс БЕСИРОВ.

Ал, апаттық жағдайдағы үйлерге жауапты Алматы қалалық мобильді басқармасының өкілі Марат Сейіткерейұлы айды аспанға бірақ шығарды. Оның айтуынша ол жерде сүру жүмыстары жүргізілмеген. Тұрғындардың өз үйлерін, өздері бұзып тастаған шығар деп отыр.

«Біздің басқарма ол жерде сүру жұмыстарын жүргізбеді. Оның үстіне ақша да бөлінген жоқ. Құжаттары да дайын емес. Үйді сүруге, қоқыстарды шығаруға жобалық сметалық құжаттары жоқ болса, ақша бөлінбесе, біз қалай ол жерде жұмыс жасауымыз мүмкін?!.», - деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бас маманы Марат СЕЙІТКЕРЕЙҰЛЫ.

Осылайша қордаланып қалған мәселелер өз шешімін тапқанша, ауыл тұрғындарына үреймен өмір сүре түруларына тура келеді. Бір-біріне сілтеген шенділер әзірге көмекке келуге сыңай танытпады.

Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров