Жамбыл облысында тұрғындар ауыл әкімінің жұмыстан кетуін талап етті

Almaty.tv
Almaty.tv
Аудан әкімімен өткен есеп беру кездесуінде халық ауыл басшысының жұмысына нөл деген баға берген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында тұрғындар ауыл әкімінің жұмыстан кетуін талап етті. Аудан әкімімен өткен есеп беру кездесуінде халық ауыл басшысының жұмысына нөл деген баға берген. 6 жылдан бері тоқсан түрлі мәселе қордаланып, шешімін таппаған шаруалар шаш етектен жиылды деп шу шығарды. Істің мән-жайын анықтаған өңірдегі Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жалғастырсын.

Бектөбе ауылының тұрғындары «жауапсыз басшының кесірінен облыс орталығына іргелес отырсақ та, өркениеттен жұрдаймыз» деп дабыл қағуда. Ауыз су проблемасы бағзыдан бұқараның уайымы. Себебі орталықтандырылған су жүйесі жоқ ауыл әлі күнге дейін суды құдықтан тартып ішіп отыр.

«Өздеріңіз көріп тұрғандай, елдің бәрі осындай качалкамен су ішеді. Қыстың күні қатып қалса, астына балон жағамыз. Әурешілік. Жылда айтылады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатады. Бұл не деген бітпейтін жобалық-сметалық құжаттама? Келеді әкімдеріміз. Отырады. Айтады-айтады кетеді. Ешқандай проблема қолға алынып жатқан жоқ», – деді Бектөбе ауылының тұрғыны Әлішер Абдуллин.

Жергілікті жұрт бір жапырақ жерді алу үшін алды 20 кейінгісі 10 жылдап кезекке тұрған. Бірақ бұйырған телім жоқ дейді. Ауылдағы ағайын «жер заңсыз сатылып талан-таражға түсіп жатыр» деп дабыл қағып отыр. Себебі қалаға жапсарлас ауылдағы 100 жер телімі аукцион арқылы сатылған екен. Ал аукционның қашан, қай кезде өтіп жатқандығынан халық бейхабар.

«Қандай аукцион болуы мүмкін үш мың адам мына жерде кезекте тұрғанда? Айтыңызшы? Соған жауап беріңізші? Үш мың адам кезекте тұр. Аукционда айдаладағы біреулер ұтып алып жатыр. Әкім есебінде «мен пәлен жерді бердім, осы ауылдың кембағал, баласы жоқ адамға бердім» деп айтты ма? Еш уақытта айтпайды. Өйткені ол жердің бәрі сатылды», – деді ауыл тұрғыны Затулла Райымбердиев.

Аудан әкімінің қатысуымен өтетін есеп беру жиынына Қаратөбе ауылдық округінің басшысы мүлдем келмей қойды. Науқастанып қалған көрінеді. Мәселені айта-айта жұрттың шыдамы шегіне жеткен.

«Бұл біраз уақыттан бері кезектілікпен жер берілмегені рас. Соның салдарынан туындаған қордаланаған мәселе. Бұл мәселені шешу үшін енді оған мына әуежайдың жанында болғаннан кейін мына жердің мәселесі келісім ала алмай отырмыз. Тағы да бас жоспарды қарап, зерделеп жер учаскелерін беруге мүмкіндік болатындай жағдай болса, берілетін тиісті құжаттарын дайындап, әзірлейтін боламыз», – деді Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев.

Бектөбеде суармалы су, жайылым, электр желісі секілді мәселенің түр-түрі шаш етектен. Сондықтан ауылдықтар халыққа жаны ашып, жүйелі жұмыс істейтін басшының болғанын талап етуде.

Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Тараздан

Новости партнеров