Астанада түрмеден шыққан 5 мың азамат жұмыспен қамтамасыз етілген

фото из открытых источников
фото из открытых источников
Астанадағы пробация қызметі түзеу мекемелерінен босап шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде өткен жылы жазасын өтеп келгендердің 5 мыңы екі қолға бір күрек тапқан. Мұндай мәліметті Қылмыстық атқару комитетінің мамандары беріп отыр. Ал сотталғандар қалайша жұмыспен қамтылды? Бұл нендей кәсіптер? Жалпы түрмеден кейінгі өмір қалай өрбиді? Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек анықтап көрді.  

Магомед есімді бұл азамат аса ірі көлемдегі есірткі сатқаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Ресей азаматы жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеген. Алты жыл өтіс мерзімінен бұрын босатылған ол бостандыққа шыққанда бірден екі қолға бір күрек тапқанын айтады.  

«Түрмеден былтырғы жылдың 15 наурызында шықтым. Бірден Астанадағы серіктестіктердің біріне ұста болып орналастым. Бұған түзеу мекемесінде болғанымда кәсіби техникалық колледжде оқып шығып, диплом алғанымның септігі тиді. Бұдан бөлек, Қылмыстық атқару департаменті пробация қызметінің мамандары маған жеке куәлік, жүргізуші куәлігін жасап берді», – дейді Магоммед.

Пробация қызметіне былтыр төрт жарым мың сотталған азамат жүгінген. Түзеу мекемелерінен босап шыққандардың көбінде барар жері, басар тауы болмайды. Сондықтан бұл жерде оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі.  

«Жұмыспен қамту, құжаттарын қалыпқа келтіру, медициналық, психологиялық көмек көрсету, оқуға бағыттау. Сотталған азаматтарға осындай көмек көрсетіледі. Жұмыспен қамту орталықтарымен етене жұмыс істейміз. Бос жұмыс орындары жайлы естісек, сонда бағыттап отырамыз», – деді ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің аға инспекторы Әсем КӘРІМОВА.

Ал қылмыстық атқару комитеті басқармасының мамандары сотталғандарды әлеуметтендіру жұмыстары олардың бас бостандығынан айыру орындарына түскен күнінен бастап жүргізілетінін жеткізді. Айтуларынша, әрқайсысы жеке зерделеніп, ерекшелігі, неге бейім екендігі, психологиялық және әлеуметтік ахуалы, еңбекке қабілеттілігі ескеріледі. Соған байланысты қажетті шаралар қабылданады. Жалпы, қазір пробация есебінде 35 мың адам тұр. Солардың бірі Мүслім Жұсанбеков жазасын шартты түрде өтеп жатыр. Тағдырының теперішіне ұшырап, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанын өзі де білмей қалғанын айтады. Оқыс орын алған төбелесте адам денсаулығына байқаусыздан зақым келтіріпті.  

«Шыны керек, менің жеке басымды куәландыратын құжаттарым да, тұратын үйім де болған жоқ. Қайда барарымды да білмедім. Солай жүріп, ұрындым. Қазір пробация қызметі құжаттарымды жасап беріп жатыр. Жұмысқа да орналастырды. Еңбек еткен жерімде тұрамын. Дәнекерлеушіге оқып жатырмын. Енді өмірім реттелетініне сенемін», – деді Мүслім ЖҰСАНБЕКОВ.

Қылмыс жасап түзеу мекемесіне түскен азаматтардың басым бөлігі жалпы орта білім беретін оқу орындарында оқып, жұмысшы мамандықтарын игеріп шығады. Бүгінгі таңда елімізде пенитенциарлық жүйеде 49 жалпы білім беретін оқу орны бар екен. Былтыр 2 мыңнан аса жазасын өтеуші орта және негізгі білімі туралы құжат алыпы. Ал бостандыққа шыққанда қолына алған аттестат, дипломдарының арқасында жұмысқа орналасады.

«2018 жылы азаматтардың саны бес мыңға жуық адам сотталған адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Олардың мамандықтары газоэлектросварщик, яғни дәнекерлеушілер, наубайханашылар, тігіншілер», – деді ҚР ІІМ Қылмыстық атқару комитеті басқармасының бастығы Бекболат ШӘКІРОВ. 

Белгілі болғаны, түзеу мекемелері жеке кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, сотталғандарды еңбекпен қамтуда. Бүгінгі күні еліміздегі пенитенциарлық мекемелердің аумағында 250-ге жуық кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Ал бас бостандығынан айыру орындарына түскен азаматтардың кейбірі колонияларда жұмыс орындарын ашуда. Қазір түзеу мекемелерінде 100-ден аса сотталған азамат түрлі ағаш, темір бұйымдарын жасау бойынша өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Әрі өзі сияқты тағдырлас азаматтарға қосымша жұмыс орынын ұсынуда. Осындай серіктестіктердің бірінде жұмыс істеп жүрген Ярослав Корпенко өзінің жарқын болашағына сенеді. Өзбекстаннан келген ол Қазақстан азаматтығын алуды қалайды.  

«Үйленгім келеді. Өзімнің орнымды тапқым келеді. Бастысы бізді қоғам түсінсе, қабылдаса деген тілегім бар», – дейді Ярослав КОРПЕНКО.

Темір тордың ар жағынан келгендердің дені өз болашағына күмәнмен қарайтыны анық. Оларды «қайда барамын, не істеймін, әрі қарайғы өмірім қалай болмақ» деген ой мазалайды. Жауыз қылмыскерлермен қатар, жазаға жазатайым жаңылысып түскендер де, тіпті жала жабылып кеткендер де барын ұмытпаған абзал. Ал олардың тура жолдан қайтып адаспауы үшін қоғамның өзі жиіркене қарап, айналып өтпей, қабылдағаны дұрыс шығар дейді сарапшылар.

Салтанат Нысанбек, Астана

Новости партнеров