Бүгін Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Еліміздің әр өңіріндегі аудандық маңызы бар қалалар, ауыл мен кенттер және ауылдық округтердің басшыларын таңдауға жергілікті тұрғындар таңғы сағат 7.00-ден бастап келіп, дауыс беруде. Ресми мәлімет бойынша, саяси маңызды додаға қатысуға әр өңірден жалпы саны 2582 үміткер тіркеліп, іріктеуден өтті. Осы ретте саяси партиялар сайлауға 878 адамды белгілеген. Ал қалғандары өзін өзі ұсынған. Солардың арасынан бүгін халық ең үздік деп таныған 730 әкімді таңдайтын болады. Осы тұста, әр аймақта дауыс берудің қалай өтіп жатқаны туралы 14 облыстың өңірлік баспасөз орталықтары хабарлап, халықты ақпараттандырып отыр. Тақырыпты Almaty.tv тілшіcі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Берілген мәліметке сәйкес, Ақмола облысында алғашқы 3 сағаттың қорытындысы бойынша сайлаушылардың 9% дауыс беріпті. Жергілікті сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, аймақта 100 111 адам дауыс беру құқығына ие екен. Ал, дауыс берушілер саны бойынша облыстың Біржан сал, Егіндікөл, Астрахань аудандары алда келеді.
«Алынған бюллетеньдердің саны – 8826. Соның ішінде Көкшетау қаласына 3%-ы тиесілі, Степногорск қаласына 6%-ы, Ақмола мен Атбасар ауданына 13%-дан, Ақшал ауданына 5%-ы, Астрахань ауданына 22%-ы, Біржансал ауданына 19%-ы, Блодинский мен Қорғалжын ауданына 8%-дан, Борабай мен Ерементау ауданына 7%-дан, Егіндікөл ауданына 24%, Есіл ауданына 11%-ы, Жаркент пен Зерелді аудандарына 9%-дан, Сантау ауданына 12%-ы және Шортанды ауданына 10%-ы тиесілі», – деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов.
Ал, Ақтөбе облысында 74 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Әр аймақтағы ауыл тұрғындары бүгін 34 округ пен 1 елді мекенге үміткер 105 кандидаттың арасынан лайықты деп санаған қатысушыларды әкім қызметіне таңдамақ. Олардың 17-сі әйел адам.
«Жергілікті уақытпен сағат 7:15-тегі ақпарат бойынша, Аққұдық ауылы мен 34 ауылдық округтерге 74 сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті. Сайлау бюллетендері тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санына 14,37 пайыз болды. Облыс бойынша қарағанда сайлау бюллетендерді алғандардың саны – 4601», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева.
Сайлауда еліміздің барлық алты партиясы өз кандидаттарын ұсынып отыр. Мысалы Атырау облысында ауыл әкімі қызметіне үміткер 52 адамның жартысына жуығы саяси партия өкілдері. Сайлау 41 елдімекенде өтіп жатыр.
«Сайлау бюллетендері тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 19,6%-ы алды. Олардың ішінде Атырау қаласында 15,1%, Жолай ауданында 21,5%, Ендер ауданында 22,4%, Құрманғазы ауданында 20,3%, Қызылқоға ауданында 25,2%, Махамбет ауданында 20,4%. Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру 18 ауылдық округтерде 36 сайлау учаскелері жүргізіп жатыр», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманақұмов.
Айта кету керек, еліміз үшін маңызды саяси дода барлық карантин талаптарына сай өтуде. Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс берушілер мен сайлау комиссиясы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін учаскелерде қатаң санитарлық ережелер сақталғанын айтады. Онда бүгін 77 ауыл әкімі сайланбақ. Түске дейін ШҚО ауыл тұрғындарының жартысынан көбі дауыс беріп үлгерген.
«Шығыс Қазақстан облысында сайлау облыстың 194 елдімекенінде өтіп жатыр. Берілген мәліметтерге сәйкес, сағат 12:00-дегі ақпарат бойынша, сайлаушылардың 50 пайызынан көбі сайлауға қатысты», – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алқанова.
Саяси оқиғада тәуелсіз байқаушылар, атап айтқанда БАҚ өкілдері, саяси партиялар мен қоғам белсенділерге де ерекше рөл берілуде. Мәселен, Жамбыл облысында ғана сайлау комиссиясын 500 адам бақылап отыр. Өңірде әзірге бұзушылықтар анықталмапты. Ал, Батыс Қазақстан облысында дауыс беруге жергілікті халық белсенді қатысуда. Онда 31 әкім бағын сынамақ. Жалпы елімізде бүгін сайлау учаскелері кешкі сегізге дейін ашық болады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы