1 желтоқанға дейін Қаңтардағы бейберекетте зардап шеккен барлық кәсіп иелерінің шығыны өтеліп бітеді. Бұл туралы Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры мәлемдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, тәртіпсіздік кезінде 2 мыңнан астам бизнес иесі шығынға батқан. Мүлкі тоналып, кәсібі кері кеткен кәсіпкерлерге мемлекет 15 миллиард теңге өтемақы төлеген. Ал ең көп зардап шеккен нысандардың көшін электронды тауарлар дүкені мен брендттік киімдер бастап тұр.
Электронды тауарларды сатумен айналысатын кәсіпкер Диана Айдархан бесінші қаңтар күні астаң-кестеңі шыққан тауарларын теріп, жинап алыпты. Ұрылар 10 минуттың ішінде кіріп, бағалы заттарымды алып кеткен.
«Ана жақтан қол ізін көресіз, содан секіріп ішінен теуіп ашқан. Төрт жігіт бетперде, кепка киіп алған. Камералардың бәрінен көруге болады. Мемлекет бізге толығымен көмектесті. Басқа жеке кәсіпкерлерден көмек сұраған жоқпыз», – деді кәсіпкер Диана Айдархан.
Ал кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес шығынын анықтау, арнайы комиссияның шешім шығаруы біраз уақытқа созылғанын айтады. Сондықтан кейбірінің шығыны әлі өтелмепті. Себебі салықтық табыс құжаты толық емес. Табыс көзін жасырып, салық комитетіне түсімді дұрыс көрсетпей келгендер бар.
«1632 кәсіпкерге 15 миллиард шамасында сумманы қайтарып бердік. 2000 астам кәсіпкер зардап шекті. Алайда Президенттің тапсырмасымен қиын жағдайға ұшырған кәсіпкерлерге қаржылай қайтаруды ұйғардық. Көбі ірі техника сататын дүкендерге, сауда орталықтарына барған», – деді кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Президент Қасым Жомарт Тоқаев қаңтардағы бүліктен соң шағын және орта бизнеске қолдау білдіру керек деп арнайы тапсырма берген. Шығынға батқан барлық кәсіп иелеріне 1 желтоқсанға дейін өтемақы төленіп бітеді. Ал қажетті құжаты болмаған бизнес иелеріне демеушілердің қаржысы бөлінеді екен.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» теларнасы