Алматыда өндірістік тауарлар бойынша инфляция деңгейі республика көлемінде бесінші орында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімдігі әсіресе жаз мезгілінде әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінің бағасы қатаң бақыланатынын айтады. Сондай-ақ, апта сайын баға негізсіз көтерілмеуі үшін сауда нысандарына тексеру жүргізіледі. Десе де, базарда жүрген халық азық-түлік өнімдерінің қымбаттап жатқанын айтады.
«Алматыда азық-түлік өнімдері негізсіз қымбаттаған жоқ, баға қатаң бақылауда», – дейді Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы. Дегенмен, базарда сауда жасап жүрген халық басқаша айтуда. Әлеуметтік тауар тізіміне кіретін өнімдердің өзі қымбат дейді олар. Тіпті жаз мезгіліне қарамастан, жеміс-жидек, көкөністің бағасы шарықтап тұр.
«Қажет болған соң әрине қымбат та болса аламыз. Бірақ соңғы кездері азық-түлік бағасы сұмдық қымбаттап кетті», – дейді қала тұрғыны.
«Ет те, көкөністер мен жемістер де қымбат. Қазір жаздың ортасы, ал алманың келісі 350-400, тіпті 600 теңгеге дейін көтеріліп кетеді», – дейді қаланың келесі бір тұрғыны.
Біз бас сұққан базарлардың бірінің әкімшілігі тауар бағасына ешқандай да әсер етпейміз дейді. Қадағалау жүргізілмейді. Ешқандай да шектеу қойылмайды. Ал сатушылар болса, үш айда халық жиі тұтынатын тауарлардың, азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттағанын айтады. Мәселен, шұжық өнімдері мен тауық еті бұрынғыдан 200 теңгеге, ал шай өнімдері 300 теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Бағаның осыншалықты өсуін сатушылар өндірушілерге байланысты дейді.
«Мысалы Алматыда шие, қарақат өспейді. Барлығы шеттен әкелінеді. Қазір тіпті қызанақтың өзінің жергіліктісі піскен жоқ. Қияр да шеттен тасымалданады. Бізге түсетін пайдасы 50 теңге ғана. Біз тұрған жерімізге жалға алу ақысын төлейміз, лаборатория бар, соның барлығына айына 40-50 мың теңге кетеді», – деді саудагер Айнұр СҮЛИМОВА.
«Қазір жеміс-жидектің арзандайтын кезеңі. Биылғы жылда өзгеріс жоқ. Мониторинг бойынша, әлеуметтік тауар түріне кіретін сәбіз, картоп, орамжапырақтың бағасы былтырмен салыстырғанда анағұрлым түскен. Дегенмен, сырттан келетін азық-түлікке шектеу қоя алмаймыз. Бірақ негізсіз баға көтеруге де жол берілмейді», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары.
Мамандар биылғы жылы біраз жеміс-жидек түрінің арзандағанын айтады. Мәселен, алма 31 пайызға, қияр 43 пайызға, картоп 13 пайызға арзандапты. Қаладағы 29 сауда орнында апта сайын бақылау жүргізіледі.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы