Екі баласы қараусыз қалып көз жұмған: Әйел жаңа туған сәбиін тағы жалғыз қалдырып кеткен

Фото: Almaty.tv
Фото: Almaty.tv
Жетімдер үйінде тәрбиеленген 29 жастағы келіншек ащы суға сылқия тойып, қасындағы достарымен пәтерде ойран салатын көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа туған сәбиін пәтерінде шырылдатып қараусыз қалдырған алматылық әйел 5-ші рет ата-ана құқығынан айырылды. Жетімдер үйінде тәрбиеленген 29 жастағы келіншек ащы суға сылқия тойып, қасындағы достарымен пәтерде ойран салатын көрінеді. Ең сорақысы, сөйтіп сауық құрып жүргенде екі баласы қайтыс болыпты. Мұндай бейберекеттіктен көршілері де мезі болған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.            

Дана Ақжанбаеваның шырылдаған сәбиін көршілері құтқарып қалған. Тағы біршама уақыт өткенде баланың күйі қалай болары белгісіз деп ашынады жұрт.

Әйел тұрғын үйдің төртінші қабатында тұрады екен. Көршілерінің сөзінше, келіншек үйде балалары бола тұра, терезе-есікті ашық тастайды, шыңғырған баланың дауысы естіліп тұрады екен.

Жалғызбасты ананың көршілері мұндай бейберекеттікке көз үйреніп кетті дейді. Олардың айтуынша, Дана үйіне бөтелкелестерін ертіп әкеліп, білгенін істейді.

«Тағы да босанып келеді, жыл өтер-өтпес тағы босанып келеді. Бірақ мал екеш мал да төлін, торғай екеш торғай да балапанын қорғайды ғой. Ал ол өз балаларын қорғамайды. Тіпті, балаларына қарамайды да. Бір айлық балаға кәдімгі ботқаны езіп, аузына тығып береді. Үйінде не жылу, не жарық жоқ», – дейді көршісі Мақсат.

Балалардың жағдайына бей-жай қарай алмаған көршілерінің соңғы дабылынан кейін құқық қорғау мамандары баланы алып кетіпті. Үйін ашық-шашық тастап кеткен Дананы біз де таба алмадық. Бұған дейін әйелдің төрт баласы осындай жағдайда өмір сүріп жатқандықтан жетімдер үйіне тапсырылған. Тағы екі баласы жастай шетінеп кетіпті.

«Бір баласы суықтан жаурап қалды деп естігенбіз. Ал бір баласы осы пәтердің ішінде қайтыс болып кетті. Өйткені бірге тұратын бір еркекпен қалдырып кеткен де, кетіп қалған. 2-3 сағат баламен отырған еркек те артынша шығып кеткен. Баласын үш күннен кейін тапты. Бірақ «диваннан құлап, мойнын сындырып алды» деп айтты», – дейді көршісі Әсел Нұрмұхаева.

Әйтсе де, Данамен кездесудің сәті туып, оны сөзге тартып көрген едік. Ол «көршілерім мені әдейі балаларымнан айыруды қалайды» дейді. Дана ата-ана құқығын қайтарып, балаларыма қараймын, қайтадан жаңа өмір бастаймын дейді. 

«Мен баланы бар болғаны 2 минутқа ғана жалғыз қалдырып кеттім. Баламды бұлай ешқашан тастамаймын. Мен күйеуімнің демікпесі болғандықтан, соны уайымдап сыртқа шығып кетіп едім. Ол кезде бала ұйықтап жатқан», – дейді Дана Ақжанбаева.

Желігі басылмаған желөкпе әйелді тәптіпке салуға талай әрекет жасалыпты. Бірақ одан қайран жоқ дейді мамандар.

«Мен сөйтемін, мен бүйтемін, облысқа барамын, үй аламынә дейді. «Жарайды, Дана, біз де саған көмектесеміз» дедік. Бірақ ондай жағдай болған жоқ. Есігі өмірі осылай ашық тұрады», – деді Алатау аудандық Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Назым Тұяқбаева.

«Бұл жағдайға қатысты Алатау ауданы әкімінің орынбасары бастаған мамандармен арнайы комиссия құрылды. Баланы алуға келгенде Ақжанбаева есікті ашпады. Сондықтан құтқару қызметін шақырып, есікті бұзып аштық. Қазір тағы да ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттар әзірленіп жатыр», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілі Евгений Лысенко.

Қазір нәресте қаладағы №2 балалар ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлердің мәліметінше, баланың жағдайы тәуір, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров