Маска тағу – коронавирустық инфекция таралуының алдын-алуда маңызды рөл ойнайды. Осыны қала тұрғындарына түсіндіру үшін Алмалы ауданының арнайы мамандардан құрылған мониторингтік тобы рейдке шықты. Қала тұрғындары қаншалықты ережеге бағынып жүр? Жалпы шаһарда маска тақпай жүргендер көп пе? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.
Тексеріс тобы Абай даңғылы бойындағы аялдамалардың бірінен бастады. Тәртіп бойынша қала тұрғындары қоғамдық көліктерде маска тағуы керек. Алматылықтардың дені ережені бұлжытпай орындауда. Десе де тосыннан келген тексерісті күтпей, абдырап қалған жолаушылар да болды.
Бұл – Алматы қаласындағы аялдамалардың бірі. Көріп тұрғанымыздай, қала тұрғындарының барлығы дерлік маска таққан. Ал арнайы құрылған топ тәріп бұзушыларды анықтап, масқа тағудың маңыздылығын түсіндіруде.
Алматылықтарды эпидқызмет ережелерін сақтауға шақырған мамандар тәртіп бұзушыларға қатаң ескерту жасады. Онымен қоса, жеке қорғаныс құралдарын ұсынып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Қазіргі уақытта осы карантин режимінің босаңсуына байланысты халықтар босаңсып, маска тақпай, әлеуметтік арақашықтық сақтамай, көп адамдар жиналып дегендей. Осы іс-шараларды алдын-алу үшін қазір осы Алмалы ауданының мобильдік тобымен қалалық автокөліктерге, жүргізушілер көлігіне және осы аудандағы демалыс паркіне рейдтік тексеру жүргізілді», – деді Алмалы ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.
Келесі кезекте тексеріс тобы демалыс саябағына бет алды. Серуендеп жүргендердің көбі таза ауада да маска тағу керектігінен бейхабар болып шықты. Өз кезегінде, қала тұрғындары мұндай жұмыстардың маңызын жақсы түсінеді. Олар індеттің ілмегіне ілікпес үшін жауапкершілік таныту керек деген ойда.
БЛИЦ-1: Қоғамдық орындарда, әсіресе, дүкенге барғанда абайлау керек. Ол жер жабық қой. Сондықтан қауіп өте жоғары. Сондықтан маскамен жүру керек.
БЛИЦ-2: Бізде ауру әлі кеткен жоқ. Сол үшін ауру кеткенше маска тағу керек. Басқадан жұқтырмас үшін.
Құзырлы мекемелердің мәліметіне сәйкес, қалада мұндай тексеріс жұмыстары күшейтілген. Алдағы уақытта тәртіп бұзушыларға тіпті айыппұл салынуы да мүмкін. Басты мақсат – аты жаман аурудың таралуына жол бермеу.
Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» арнасы