Бастысы үрейге бой алдырмай, ережені бұлжытпай орындау маңызды. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департамент өкілдерінің кеңесі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғаниевтер отбасы жер сілкінісі кезіндегі оқу-жаттығу жұмыстарын үйде жиі өткізеді. Балаларына бөлмедегі қауіпсіз орындарды алдын ала айтып, көрсетіп қойған. Дүмпуді сезген бетте әркімнің тұратын өз бұрышы бар. Ортақ отбасына арналған сақтық сөмкесі де қолжетімді жерде тұр. Осыдан бір апта бұрын болған жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмағанын айтты.
– Көпқабатты үйдің 2-қабатында тұрамыз. Бірінші дүмпу болғаннан кейін, дабыл дорбамыз өз орнында. Дайындалып, қажетті заттардың бәрін салып қойғанбыз. Әрбір отбасында осындай түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, жер сілкінісі, төтенше жағдай кезінде өмірімізді сақтап қалуға кепілдік жоғары деп есептеймін, – деді қала тұрғыны Данияр Ғаниев.
Ал мамандар жоғарыда тұрған ыдыстарды және ауыр заттарды төмен түсіріп қоюға кеңес береді. Жер сілкінісі кезіндегі тағы бір қауіпсіз орынның бірі – жатын төсектері мен шкафтардың жақтауы. Ғимарат қираған кезде пәтердегі ауыр заттар жиһазға құлап, ортада қуыс пайда болады. Сол жерге жасырынған жөн.
– Әр отбасының өзіне тән қауіпсіздік жоспары дайын болуы керек деп есептейміз. Мәселен біздің жанұямызда қарапайым 10 қадам бар. Яғни, қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, алдын ала дайындалған жоспармен сыртқа шыға аламыз. Мектеп пен балабақшада жүргізілетін іс-шара бір бөлек, оны балаларға үйде де түсіндіру аса маңызды, – деді қала тұрғыны Назерке Айтқожаева.
– Ең алдымен, үрейге бой алдырмау керек. Алғашқы дүмпулер кезінде сыртқа шығуға асықпаңыз. Терезеден, сыртқы қабырғадан алшақ тұрыңыз. Алдын ала белгілеп қойған қауіпсіз орынға жасырыныңыз. Алғашқы дүмпулер аяқталаған соң тез арада сыртқа, ашық алаңға шығып кетіңіз. Ашық алаңға шыққаннан кейін отбасыңыздың қасыңызда екеніне көз жеткізіп, халықты жинау пункттеріне бару керек, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Гүлдана Нұрымбетова.
Көпшілік жиналатын пункттер тізіміне мектеп пен балабақша және колледждер кіреді. Жақын жердегі мекенжайды білу үшін әр тұрғын үй кешенінің кіреберісінде арнайы QR код орнатылған. Телефондағы камераны қосу арқылы барлық қажетті ақпаратты сол жерден алуға болады.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 2 баллдық жер сілкінісі болды