Алматыда төтенше жағдайлар саны 10 пайызға азайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтық қорғаныс саласында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бағдат Темірболатұлы бүгінде Алмалы аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы.
Бағдат Темірболатұлы – бұл салаға көлденең келген жоқ. Бала кезінен темірдей тәртіп пен қатаң талаптың ортасында өсті. Алдыңғы ағалары да өрт сөндіру мен құтқару қызметінде жұмыс істеген. Мектеп бітіргеннен кейін отбасылық династияны жалғастыру мақсатында бірден Көкшетау қаласындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түседі.
«4 жыл бойы өзімнің курсанттық қызметімді атқардым. Көкшетау қаласы өзіме ұнады, жаныма жақын болды. Өзім бала кезден форма киген адамдарға қызығатынмын. Өйткені олар тәртіп сақтайды, мемлекетке қызмет етеді», – деді Алмалы аудандық ТЖБ бастығы Бағдат Шайзада.
Ол алғашқы еңбек жолын Түрксіб ауданындағы өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып бастаған. Жылдар бойы өрт пен оттың ортасында болды. Жанын қатерге тігіп, талай адамның алғысына бөленді. Қызметке адал екенін көрсетіп, түрлі басшылық қызметтерге тағайындалады. Оның айтуынша, сапалы кадр болу сатылап өсуді талап етеді.
«Өрт сөндіруге барарда білмейміз ол жақті не күтіп тұрғанын? Ол жақта жарылыс болама, келген кезде адамдар терезеден секіріп жатады ма? Түрлі психологиялық жағдай болуы мүмкін. Біздің балалар солардың бәріне төтеп береді», – деді деді Алмалы аудандық ТЖБ бастығы Бағдат Шайзада.
Расында да, өрт сөндіруші – тек жүректілер ғана таңдайтын мамандық. Олар 24 сағат байланыста, демалыссыз жұмыс істейді. Қауіп пен қатер, өмір мен өлім арасындағы арпалысқа толы мамандық иесі. Әріптестері басшы ретінде тек тапсырма беріп қана қомай, әр қызметкерге рухани қолдау көрсететінін атап өтті.
«Бағдат Темірболатұлымен 2009 жылдан бастап жұмыс істеймін. Ол кісімен жұмыс істегелі оның жан-жақты, білімді байсалды екенін көреміз. Жеке құрамда өзінің білгенін үйретіп жүреді», – деді әріптесі Ерғали Андосов.
Бейбіт күннің батырларына мемлекет деңгейінде қолдау көп. Бүгінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі реформа қабылданып жатыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, өрт өтінде өмір сүріп жүрген әр адамның еңбегі – өлшеусіз.
Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы