Шымкентте үй құстары белгісіз кеселден қырылып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қанаттылардың өлімі Бадам тұрғын алабында тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте үй құстары белгісіз кеселден қырылып жатыр. Қанаттылардың өлімі Бадам тұрғын алабында тіркелген. Шығынға батқан тұрғындар бұл солтүстіктен келген құс тұмауы ма деп қауіптенеді. Ал мамандар шаһарда құс тұмауы тіркелген жоқ деп дес бермейді. Істің мән-жайын Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Бадам тұрғын алабында тұратын Базарбек Раушановтың үй құстары өткен жұмадан бастап шетінен қырыла бастаған. Алдымен тамағы қырылдап, тұмсығынан сілейі аққан,  алдына тосқан жем-шөпке жоламаған. Сондықтан мерт болғандарының бәрін жұқпалы болар деп қауіптеніп, өртеп жіберген. Ал, аман қалған екі тауықтың да жағдайы нашар дейді.

Бұл ауданда тауықтары қырылған бірнеше үй бар. Кесел қайдан келгенін білмей абырдыраған олар ветеринар дәрігерлерді шақырыпты. Алайда маманның ешбірі төбесін көрсетпеген. Басшылық болса, болжау айтумен шектелді.

«Клиникасы бойынша құс тұмауына келмейді. Екі тауығын кеше бақылауға қойды. Егер де сол екі тауығының біреуі өлетін болса, сол жерден міндетті түрде жедел сынама алынып, зертханаға жіберуге дайынбыз», – деді қалалық Ауылшаруашылық және ветеренария басқармасының бөлім басшысы Манарбек Ержігітов.

Қанаттылары  қырылған тұрғындар құс тұмауы келді  деп қауіптенеді. Бірақ мамандар осы күнге дейін шымкентте ондай бірде-бір оқиғаның тіркелмегенін айып, сабырға шақырды. Айта өтейік, жалпы қалада 1 млн-нан бастан асатын үй құсы бар. Олардың басым бөлігі құс фабрикаларының есебінде. Сондықтан екпені өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті. Ал жеке шарушалықтар мен құс асыраушыларға мемлекет вакцинациялауға жәрдемдеседі. Қазірге дейін 202 мыңға жуық құсқа құс тұмауына қарсы екпе жасалды.

Новости партнеров