Солтүстік Қазақстан облысындағы Становое ауылының тұрғындары қар ерітіп ішуге мәжбүр. Себебі ауылға тартылған су өлшеп берілетіндіктен барлығына жетпейді. Оның үстіне тіршілік нәрі таза емес дейді тұрғындар. Ауылдағы ахуалды көріп қайтқан өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қар қалың жауса, алыс-беріс пен барыс-келістен қалатын өңірдегі Становое ауылының тұрғындары керісінше қуанады. Себебі тіршілік нәрінсіз қалатын жұрт ақұлпаны ерітіп ішуге мәжбүр. Ауылға екі жыл бұрын су құбыры тартылғанымен жағдай жақсара қоймаған. Өйткені күніне 3 мезгіл берілетін су барлығына бірдей жетпейді.
«Үш рет берілгені былай тұрсын, су таза емес. Біз суды алдымен ыдысқа жинаймыз. Бір тәулік тұрады тазару үшін. Соның өзінде құм аралас су ішеміз, амал қанша?» – деді Становое ауылының тұрғыны Ирина Голивец.
Ал, көпбалалы ана Гүлалтын Гурская үйіне су кіргізуге қаражатым жетпеді дейді. Сондықтан тіршілік нәрін өзге ауылдан сатып алуға тура келеді. Ал, қыста су таситын көліктің де жүруі қиын көрінеді. Бұл бір ғана Гүлалтынның емес тұтас ауыл жұртының ортақ мәселесі.
«Төрт жыл бойы жаз, қыс, күз демей суды осы құдыққа құйғызып аламын. Жазда тракторлар жиі жүреді. Ал қыста қиын, әрине. Төрт жыл бойы суды тапсырыспен сатып аламыз. Трактор суды әкеледі біз құйып аламыз. Су біткен кезде немесе аз қалса қарды шелекпен әкеліп ерітеміз. Кір жууға қосамын. Кейде шаруашылық жұмыстарына қолданамыз. Осылай күн көреміз», – деді Становое ауылының тұрғыны Гүлалтын Гурская.
Становоедегі жағдайды аудан билігі жақсы біледі. Тіпті, басты назарымызда дейді әкім. Оның айтуынша, ауылға әкімдік су желісін жүргізген. Бірақ магистральді су құбырларының тозығы жеткен. Кейде ішуге жарамайтын судың лай болуы да осыдан-мыс. Ал, кінәні өзге кәсіпорынға сілтеді.
«Биыл он ауылда жұмыстар жүргіздік. Сонымен қатар Мамлютка қаласында да. Бірақ «Есіл су» кәсіпорны өз міндеттерін орындамады. Магистральді су құбыры жоқ. Ақырында жұмыстар 2021 жылға ауысытырылды», – деді Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин.
Келер жылға қалған су мәселесін ауыл халқы күтуден басқа амалы жоқ енді. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша орталықтандырылған ауыз сумен халықтың 82 пайызы қамтамасыз етілген. Бұл бас аяғы 396 ауыл.