Елордада жаңбыр суына арналған құдықтарға заңсыз құбыр тартқан 150-ден астам нысан анықталды

almaty.tv
almaty.tv
Олардан шыққан қалдықтар мен нәжіс Есіл өзеніне барып құйылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда жаңбыр суына арналған құдықтарға заңсыз құбыр тартудың 150-ден астам дерегі анықталды. Заңбұзушылыққа, негізінен елордадағы мейрамханалар, моншалар, автокөлік жуу мен химиялық тазалау орталықтары барып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал олардан шыққан қалдықтар мен нәжіс Есіл өзеніне барып құйылады. Келеңсіздіктің адын алу мақсатында жауапты коммуналдық қызметтер мен тәртіп сақшылары бүгін кезекті рейд жүргізді.

Жауын жауса, елорда көшелері көлге толып, астанамыз лезде Венецияға айналады. Тіпті қайық алып, жүзуге де болатын сияқты. Алайда көп жылдар бойы айтыла-айтыла әбден жауыр болған түйткіл әлі де шешімін таппай отыр. Белгілі болғаны, бұған бизнес өкілдері кінәлі екен. Мәселен, мына мейрамхананың иесі кәріз жүйесіне қосылғанның орнына жаңбыр суына арналған коллекторға заңсыз құбыр тартқан, дейді мамандар. Соңғы екі жарым айда елордада осындай 150-ден астам заңбұзушылық анықталып отыр.

«161 заңсыз коллекторларға қосылған тұрғындар немесе жеке шаруашылықтар табылды. Қазір соның төртеуіне әкімшілік жауапкершілік қабылданды. Қалғандарына ескертпе жасалды.  Енді қазір қарағанның өзінде, келіп түсіп жатқан судың сапасы басқаша. Неге десеңіз бұрын боқ-сідікпен бірге араласып түскен ғой», – деді «Elorda eco system» компаниясы бас директорының орынбасары Әбдіманап Жұмаділдаев.

Кәсіпорын өкілінің сөзінше, бүгінге дейін 2 мыңға жуық құдық пен 73 мың метрден астам коллектор тексерілді. Анықталғаны, қоршаған ортаға залалын жеке үйлер де тигізуде. Жауапсыз тұрғындар үйдегі септиктен шығатын лас суды көбіне жаңбырдың суы ағатын жүйеге қосып тастайтын көрінеді. Ал кейбірі тіптен далаға ағызып жатыр.

Міне, дәл осылай кей тұрғындар үйіндегі септиктің суын көшеге қарай ағызады. Байқасаңыздар сабынды су екені ап-анық көрініп тұр. Осылайша әлгі үйден шыққан лай су, нәжістің барлығы бүкіл көшеден ағып өтіп, жаңбыр суына арналған арыққа құйылады. Жалпы бұл арықты тұрғындар күл-қоқысқа толтырып жіберіпті.

Алайда тұрғындар көбіне ескертпелерге құлақ аспайды, дейді мамандар. Кейде тіпті есігін тас-түйін жауып алып, ашпай қояды. Бірақ олар бәрібір әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп сендірді тәртіп сақшылар.

«Бірінші берген ескертпені елемей, заңбұзушылықты қайталаған жеке тұлғаларға 20, ал заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Содан соң одан кәріз жүйесіне дұрыс қосылуын талап етеміз», – деді қалалық полиция департаменті Алматы ауданы табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы Владимир Колягин.

Заңды бұзған тұрғындар құбырларын өздері бітейді. Ал ескертпеге құлақ аспағандарға құзырлы коммуналдық кәсіпорын тосқауыл қоюда. Олар жөн-жосықсыз тартылған құбырларға бетон құйып, бітеп жатыр.      

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров