Елімізде баспанаға сұраныс күрт азайды. Соңғы бір айда республика бойынша үйді сатып алу-сату бойынша бар-жоғы 35 мыңнан аса мәміле жасалыпты. Бұл тамызбен салыстырғанда 8,8 пайызға төмен. Мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үйін сата алмай, сары уайымға салынып жүрген халық мұның бәріне ипотекалық бағдарламалардың аздығы немесе несие талаптарының өзгеруі себеп дейді. Алайда экономист мамандар мұнымен келіспейді.
Алматылық Аянрафи Оразалықызы бір жыл бұрын «7-20-25» бағдарламасымен 1 бөлмелі пәтер алған. Алайда баспаналы болғанына қуана қоймапты. Қаржы мекемесінің талабы қатаң, ай сайынғы төлемақы 300 мың теңгеден асады. Күнкөріс қиындаған соң, ақпанда үйін сатуды ұйғарыпты. Алайда мүлдем сұраныс жоқ.
– Бірде-бір адам звондап, қызығушылық танытқан жоқ. Адамдарда ақша жоқ деп ойлаймын. Пәтер бағасы төмендеп бара жатыр. Жас отбасыларға мүлдем қиын. Жай банктер арқылы үй алайын десең, олар алғашқы салым сұрайды. Ол кем дегенде 20-30 пайыз. Ондай ақшаны қайдан табады? – деді қала тұрғыны Аянрафи Нәрікбаева.
Ұлттық статистика бюросы да елде баспанаға сұраныс соңғы уақытта күрт төмендегенін хабарлады. Тек қыркүйекте 35 мың 398 сатып алу-сату мәмілесі жасалған. Әсіресе, бұл құбылыс 14 өңірде белең алыпты. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Қостанай облыстарында байқалып отыр. Ең көп келісімшарт жасалып жүрген Астана мен Шымкенттің өзінде де өзгеріс бар. Алматыда керісінше, сұраныс көбейіпті. Жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкерлері «бағаның шарықтауына қарамастан, мегаполисте соңғы 1 айда 6 мыңға жуық мәміле жасалды» дейді. Сатылған үйлердің 40 пайызы 1 және 2 бөлмелі пәтер екен.
– Алматыда сұраныс бар және ол өсіп жатыр. Біздің агенттік соңғы 3 жылда жасалған мәмілелер бойынша зерттеу жүргізді. Былтыр нарықта баспанаға сұраныс көп болды. Өйткені, азаматтар зейнетақы жинағынан ақшасын шешіп алып, бірден үй сатып алды. Тағы қаржы ұйымдары жеңілдетілген несие арқылы халықты ынталандырды. Соның нәтижесінде нарық қатты құбылды. Бағаның шарықтағанына қарамастан, соңғы 3 айда сұраныстың төмендегені байқалған жоқ, – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің сарапшысы Александр Бекетов.
Бірақ Алматыда 3 немесе одан көп бөлмелі пәтерлерге сұраныс айтарлықтай аз. Ал бағада айырмашылық байқалыпты. Қазір орта есеппен 1 бөлмелі үйдің құны 20 миллион теңгеден басталса, 2 бөлмелі баспана 35 миллион, 3 бөлмелі 45 миллион теңгеге дейін саудалануда. Бірақ экономист мамандар тым жоғары қойылған баға екенін алға тартады.
– Жаңадан салынып жатқан бірінші санаттағы үйлерді алып қарасақ, көптеген компаниялар бар мүлікті өткізе алмай қиналды. Неге? Өйткені, бұған әсер етіп отырған әлемдік жағдай. Қытайда жылжымайтын мүлікке деген сұраныс мүлдем түсіп кеткен. Ресейде де сондай сценарий қайталанып жатыр. Байқасақ, Қазақстанда да болуы мүмкін. Соның салдарынан ертең бағалар әлі де түсіп қалуы мүмкін деген үміт бар. Адамдарда ақша жоқ емес, бар. Сатып ала алады. Бірақ әлі де баға түсіп қалады деген ұстаныммен күтіп отыр, – деді экономист, сарапшы Мақсат Халық.
Экономистің пікірінше, үкіметтің жеңілдетілген несиелік бағдарламаларды іске қосуы нарықта баспана бағасының қатты құбылуына әкеп соғып отыр. Сондықтан оны басқа жолмен реттеуге болады екен. Ол үшін ең алдымен құрылыс компанияларының көбеюіне жағдай жасап, бәсекелестікті қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, үйді эксплуатацияға бергенге дейін жүргізілетін бюрократиялық кедергілерді жою керек. Бұл шаруа жұмысты сағызша созады, шығынды көбейтеді, пәтердің шаршы метрінің ақысы өседі. Үшіншіден, елімізде құрылыс материалдарын өндіруді арттыру қажет. Егер билік осы мәселені қолға алса, онда нарықта үй бағасы арзандайды.
Аяулым Көлжігіт, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы