|
15.06.2023 | 20:47
3512

Петропавлда футбол алаңынан адам сүйектері табылды

Алдын ала жасалған зерттеу бойынша сүйектердің жатқанына 100 жылдай уақыт өтіпті

Петропавлда футбол алаңынан адам сүйектері табылды Almaty.tv

Петропавлда «Қарасай» стадионын қайта жөндеу кезінде адам сүйектері табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі футбол алаңында бұрын зират болған көрінеді. Алдын ала жасалған зерттеу бойынша сүйектердің жатқанына 100 жылдай уақыт өтіпті.

Сүйек қалдықтары шыққан уақытта тек жұмысшылар болған. Куәгерлердің бірі, КамАЗ жүргізушісі – Тимофей Балладин. 52 жастағы қала тұрғыны адам сүйегін көріп аң-таң болғанын айтады.  

«Жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым. Бұған дейін жануарлардың сүйегін кезіктірдім. Ал адам сүйегін көргенде шошып кеттік. Адам денесінің қалдықтарын күнде кезіктіре бермейсің ғой. Қатты таңқалдық», – дейді куәгер Тимофей Балладин.

Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның қызметкерлері бірден полиция өкілдерін шақырған. Мамандар оны бірден сараптамаға жіберіп, кейін қайта жерлеу үшін алып кеткен екен.

«2023 жылғы 14 маусымда сағат 09:59-да Петропавл қаласының арнайы жедел арнасына «Қарасай» стадионын қайта құру кезінде адам сүйектері табылғандығы жайлы анықтама келіп  түсті. Алдын ала анықталғандай, сүйек қалдықтары 100 жыл бұрын сол жерде болған зиратқа тиесілі екені анықталды. Аталған факт Петропавл қаласы полиция басқармасының жедел бөліміндегі ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкері Асыл Ысқақова.

Айта кетейік, «Қарасай» стадионы 56 жыл бұрын салынған. Нысанды қайта жаңарту жұмыстары 2022 жылдың соңында басталды. Оған бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир