Алматыдағы көші-қон қызмет орталығында келушілер саны күрт өсті

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазір 30-ға жуық маман қызмет көрсетіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы көші-қон қызмет орталығында 2 күннен бері келушілер саны күрт өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өзбекстан мен Қарақалпақстан азаматтары.  Олардың айтуынша, 3 айға құрылыс жұмыстарына келген. Талап бойынша Қазақстанға келген әрбір шетел азаматы көші-қон орталығына 30 күн ішінде тіркелуі тиіс. Алайда, құжат рәсімдеу мүмкін болмай тұр дейді. Қоржынын арқалап құрылысқа келгендердің бірі – Нәзім Әлемов. Ол тиісті құжаттарды дайындап келіпті, алайда тіркеуге тұра алмай жүргелі 2 күн болды дейді.

«Таңғы сағ. 07-00 келдім. 16 мамырда келгем осы елге, көріп тұрсыз кезекте адам көп, құжат дайын, тек тапсыру қалды», – деді Өзбекстан азаматы Нәзім Әлемов.

Кезектің соңын өткізіп алмас үшін, өзегі талғандар тұра салып тамақ жеп, сол орнында қағаз толтырып жатыр. Себебі адам сейілгенде келем деуге мүмкіндік жоқ. Өйткені, тездетіп жұмыс табуға уақыт керек.

«Таңғы сағ. 09-00 келдім, кіре алмай тұрмын. Кеше кері қайтарған құжатты, енді қайта өту керекпін», –  деді Қарақалпақстан азаматы Салават Нұраддин.

Күніне 1000 адамға қызмет көрсеткен орталық мамандары қала бойынша шетелден келген азаматтарды қабылдап жатыр. Наурызбай ауданы үшін қосымша 10 қабылдау терезесін ашыпты. Қазірдің өзінде 30-ға жуық маман қызмет көрсетіп жатыр екен.

«Шекаралар ашылды, Өзбекстан, Қырғызстан. Олар келгеннен соң 30 күннің ішінде көші-қон бөліміне тіркелу керек. Бір мезетте бәрі келгендіктен адам көп», – деді Көші-қон қызметтері орталығының бас маманы Жалғасбек Увашов.

Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері келушілерге түсіністік танытуларын сұрайды. Қосымша оператор санын көбейтіпті.

«Қазақстанға жұмыс істеуге рұқсат алуға немес ұзартуға ниет білдірген шетел азаматтарының, яғни, иммигранттардың осы уақытта көбейгені байқалады. Біз қызмет көрсету процесін жеделдету бойынша бар үлесімізді қосудамыз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ фронт-офистерді үйлестіру департаменті директорның орынбасары Сәуле Бөртебаева.

Елге кеп еңбек етем дегендердің бір мезетте бұлай көбеюіне пандемиядан кейін шекараның ашылуы себеп. Оның үстіне иммигранттардың көбінде құжаттары талапқа сай емес, немесе жеке сәйкестендіру нөмірі қате. Сондықтан, бір келген адамның бірнеше мәрте қайта құжат тапсыруы заңды.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров