БҚО-да суға кеткен үйдің иелері ағайынның баспанасын паналауға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Шалғын ауылындағы су шайып кеткен 23 үйдің құрылысы әлі аяқталмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

БҚО-да суға кеткен Шалғын ауылындағы үйлердің құрылысы бітер емес. Соның кесірінен қарапайым халық қара суықта ағайындарының баспанасын паналауға мәжбүр, деп хбарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаратөбе ауданына қарасты елді мекендегі суға кеткен мектеп те әлі толықтай салынбаған. Оқушылар жаңа оқу жылын «Мәдениет үйінде» бастады. Тұрғындар жауаптылар берген уәденің орындалмағанына өкпелі.

Шалғын ауылындағы су шайып кеткен 23 үйдің құрылысы әлі аяқталмаған. Наурыз айында Шиелі өзені арнасынан тасып, су астында қалған халыққа биыл күзге дейін мектеп пен 23 үй салынып берілуі керек еді. Жергілікті халық тапсырылуы қажет баспаналарда жұмыс әлі бітпегенңне наразы.

«Жігіттердің жұмыс жасау қарқыны өте баяу. Күз болды. Ал әрбір осындай үйге кіргендер сарай салып алдық. Қазір жылу қосуға рұқсат бермей жатыр.Күз басталды. Жаңбыр жауып тұр. Үйде немерелеріміз бар. Үйлердің төбесі әлі жабылмаған», – деді Шалғын ауылының тұрғыны Ұсман Мырзағалиев.

Баспанасыз қалғандардың бірқатары туыстарының үйін паналаса, енді бірі ашық-шашық сарайда күн көруге мәжбүр. Суықта бүрсең қаққан халық электр пештерінің көмегімен жан бағып отыр.

«Өзімнің әкем мен шешем, жолдасым, екі балам бар. Осы сарайда тұрып жатырмыз. Өзіміз салып алдық. Күн салқындағанда палаткада тұра алмайтын болған соң, осы сарайды салдық. Сарайды салып бітіргенше ауылдағы бір отбасы үйін паналадық», – деді Шалғын ауылының тұрғыны Аслан Мырзағалиев.

23 тұрғын-жайдың құрылыс жұмыстарына қазынадан 560 миллион теңге қаражат бөлініпті. Жұртшылықтың шағымынан кейін жауапты мердігер мекеме өкілдері осы айдың аяғына дейін жоспарлы жұмыс аяқталып, Шалғындықтар су жаңа баспанасының кілтін қолдарына алтынын айтты.

«Бүгінгі таңда Шалғын ауылындағы 12 үйдің төбесі жабылды. Қалған үйлерде профилисттары қалды. Олар бір-екі күнде жабылады. Терезе 15 үйдікі салынып тұр қазіргі таңда. Алла бұйыртса айдың аяғына дейін бітіріп береміз», – деді құрылыс компаниясының өкілі Александр Қарағойшин.

Ал осыдан екі күн бұрын облыстық мәслихаттың кезекті 14-сессиясында облыс әкімі Ғали Есқалиев халық қалаулылары алдында бұл мәселе жіті бақылауда екенін мәлімдеді. Өңір басшысы ала жаздай аяқталмаған үйлердің құрылысы «алдағы екі аптада межесіне жетеді» деп, дүйім жұрттың алдында мәлімдеме жасады.

«Үйдің құрылысы қазір жүргізіліп жатыр. Екі мердігер өздері маған уәде берді. Осы қазан айының аяғында бітіріп тастаймыз деп. Қаражат бөлінді. Мердігер жергілікті жердікі. Жақсыбай сәл алдында келе жатыр. Маған күнде ақпарат береді. Қаражат бөлінді. Мердігерлер жақсы, жергілікті компания. Айдың аяғына дейін уәде бергендей тапсырады. Мектеп жыл соңына дейін бітуі тиіс. Қаражат облыстан да, «Қазақстан қорынан» да бөлінді», – деді БҚО-ның әкімі Ғали Есқалиев

Осылайша, жауаптылар айдың аяғында уәде орындалады деп сендірді. Ал ауыл халқының әзірге күтуден басқа амалы жоқ.  Еске салайық, БҚО Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылындағы бірнеше үй мен мектеп биылғы жылдың көктемінде су астында қалған болатын.

Айнұр Төлеуғалиқызы, Айболат Жағыпар, Александр Грабарев, «Алматы» телеарнасы, БҚО-дан

Новости партнеров