Ауыз судан тарыққан егіндікөлдіктер бастама көтерді

Almaty.tv
Almaty.tv
Президент суды ысырапсыз пайдалану үшін 20 жаңа бөген салуды тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Егіндікөлдіктер егін егуді мүлде қойған. Аймақта алқап түгілі, адам ішетін су жоқ. Ауданға қарасты 12 ауыл жарты жылдан бері тіршілік нәріне тарығып отыр. Ахуал күрделенген соң, мамырда төтенше жағдай жарияланған еді. Бірақ әлі күнге халыққа ауыз су жетпеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тіршілік нәрі үшін ауыл тұрғындары таңнан кезекке тұрады. Келген көліктен үлгергендерінше су алып қалуы керек. Ал үлгермесе, сол күні сусыз отырады. Алты айдан бері тіршілік нәрінің жоқтығынан қажыған халық қазір тіпті, көрші ауданнан тасып ішуге көшкен.

– Жағдай қыстыгүні қиындайын деп тұр. Елдің бәрі көшіп-көшіп, бітуге айналды. Судан тарыққан қиын ғой. 210 литр су 3-4 күнге жетеді. Қол қойып аламыз. Суды өздері литрмен береді, – деді Егіндікөл ауданының тұрғыны Ерік Серікбаев.

Мәселесін мұқым елге жеткізгісі келген халық бастама көтерді. Ауылдағылар ұйымдасып «Тіршілік» қоғамдық бірлестігін құрған. Өкілдері Астанаға арнайы келіп, бұқара базынасын жеткізді. Бірақ оларға тиісті министрліктен жауап алу мүмкін болмады. Аудандағы атқамінерлер ауыз су тапшылығын тудырмас үшін тасымалды қолға алдық деп жауап қатты.

– Аудан бойынша ауыз су тапшы ауылдарға су тасымалмен жеткізіледі. Тапсырыс бойынша әр тәулікте жіберіп отырамыз, үш техника жұмылдырылған. Аудан орталығымен бірге бірнеше ауылды қамтып отырмыз. Жергілікті шаруалар да бізге көмек көрсетіп жатыр, – деді Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Мұхамеддин.

Елде ауыз сумен ғана емес, суармалы судың да тапшылығы сезіліп тұр. Биылғы жаздың өзінде тіршілік нәрі жетпей, алқабы қурап қалған жамбылдықтардың дабылы әлі өзекті. Қазір елдегі су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Республикадағы су көлемі жылына 25 млрд текше метр. Соның 15 млрд текше метрі ауыл шаруашылығына қолданылады.

– Негізгі 8 бассейн, жетеуі трансшекаралық. Көрші елдерден келетін су ағынына тәуелдіміз. Бұл ретте биылғы суару кезеңін үлкен қиындықпен өткергенді атап өткен жөн, – деді «Қазсушар» РМК бөлім маманы Ғалым Омар.

Қазақстандағы су ресурстарының 80% өзге ел аумағынан келеді. Елімізде алдағы 17 жылда тіршілік нәрінен тапшылық болуы мүмкін. Суды үнемдейтін озық технологияны тездетіп енгізбесе, мәселе күрделенеді. Президент суды ысырапсыз пайдалану үшін 20 жаңа бөген салып, кемінде 15 қойманы бастан-аяқ жөндеуді тапсырды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров