Алматы облысында құлағалы тұрған мектепте 257 бала оқып жатыр

Ауыл тұрғындары апатты жағдайдағы мектептің жырын айтып келе жатқанымызға 15 жыл болды деп шағымданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылының тұрғындары құлағалы тұрған ескі мектепке балаларын жіберуден бас тартқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan порталына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары апатты жағдайдағы мектептің жырын айтып келе жатқанымызға 15 жыл болды деп шағымданды. Олардың айтуынша, қазір балалары оқып жатқан мектеп кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін. Сондықтан көптеген ата-аналар балаларын ауыл мектебіне беруден бас тартып көрші ауылдардағы білім ошақтарына берген.

Бізбен сөйлескен ауыл тұрғыны Айгүл Жәрменова ауылға дұрыс мектеп қажет екенін айтып бармаған жер, ашпаған есігі қалмағанын айтады. Тіпті, күні кеше ата- аналар мен оқушылар жиналып наразылық білдірген.

«Мектеп бастауыш сыныпқа арналған. Бұл негізінде басында алты бөлмелі тұрғын үй болған. Кейін мектепке берілген. Ішіне кірсеңіз қорқасыз. Шатырлары құлап кетпесін деп бірнеше жерден діңгек тіреп қойған. Егер оған біреу тиіп кетіп қозғалар болса, төбесі ортаға түсуі мүмкін. Жақында аудандық білім бөлімінен адамдар тағы келіп кетті. Бірақ нақты жауап айтпады», — деді ата-аналардың бірі Айгүл Жәрменова.

Ауыл тұрғындары жаңа мектеп салынғанға дейін ең болмаса, уақытша қауіпсіз ғимаратқа көшірсе деген де тілектерін айтты.

«Осы ауылға кіре берісте «Өрнек» деген лагерьдің жап-жақсы ғимараты бар. Ауылымызға жаңа мектеп түскенше балаларымыз сол жерде оқи тұрса екен. Уайымымыз да азаяр еді. Қазір ауылдағы барлық ата-ана баламыз мектептен аман келуіне алаңдаумен отырамыз. Бұл ойымызды да ауыл әкіміне де ауданнан келген кісілерге де айттық. Еш нәтиже жоқ», — дейді ауыл тұрғындары.

Олардың айтуынша, осыдан екі жылдай бұрын мектептке арнайы комиссиялық сараптама жасалып, «апатты жағдайда» деген шешім шығарылған. Бірақ мектеп жабылмаған. Тіпті, мұғалімдер отыратын арнайы кабинетте жоқ екен. Ұстаздар дәлізге столдар қойып журнал толтырып, сабаққа дайындалып отыр.

Біз бұл мәселеге қатысты Алматы облыстық Білім басқармасынан төмендегіше жауап алдық.

«Біз бұл мәселеден хабардармыз. Қарасай ауданы Долан ауылындағы бастауыш мектеп құлағалы тұрғаны рас. Ол ауылға 600 орындық мектептің жобалық сметасын жасап, Мемлекеттік сараптама бөліміне тапсырып қойдық. Сараптама қорытындысынан соң, облыстық қаржы бөлімінен қажетті қаражат бөлінеді. Жаңа мектептің құрылысы 2022 жылы басталады деп жоспарлап отырмыз», — деді бізге жауап берген Алматы облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Уальбаева.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қарасай аудандық әкімдігі ауыл мектебін уақытша қауіпсіз ғимаратқа көшіру мәселесімен айналысып жатқан көрінеді. Егер ғимарат табылмаған жағдайда, мәселені жаңа мектеп салынғанға дейін балаларды жақын көрші ауылға арнайы көлікпен тасып оқыту арқылы шешпек.

Новости партнеров