Солтүстік Қазақстанның Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тұрғындары жергілікті кәсіпкерлерге шағымданып отыр. Сөздерінше, мал айдап жүрген жайылымда егін жыртатын ауылшаруашылық техникасы пайда болып, ескертусіз жер жырта бастаған. Ауыл тұрғындары болса, жолды бөгеп кәсепкерлікке тосқауыл қоймақ. Сонымен дау туғызған жер кімге тиесілі? Істің мән-жайын өңірдегі Almaty.tv тілшіміз біліп қайтты.
Бірлік ауылының тұрғындары жылдар бойы малын бағып жүрген жайылым жерлерінен айырылып қалмақшы. Кейбірі отбасын асырау үшін несие алып, ірі қара сатып алған. Мал бағатын жері болмаса ірі қараны сатуға мәжбүр боламыз дейді. Ауылда барлығы 52 отбасы тұрады. Жиырма үші – сырттан келген қандастар.
«Қандастар келді. Әрқайсысы 20 сиырдан ұстап отыр. Ең кемі 4-5 сиыр. Алдыларында 40,50, 100-ден қой бар. Ал енді мал көбейді. Үкімет мал бағыңдар, субсидия береміз, жағдай жасаймыз деді», – деді Бірлік ауылының тұрғыны Жалын Серікжан.
«Мына жерден біз қазір айырылып қалатын болсақ, кейін малымызды бағатын жер мүлдем қалмайды. Өйткені өте тар жерде мал жайыла алмайды. Басқа жерде бақпайтынымыз, ол жерде айналасындағы жерлерін полынь басып кеткен. Құнары жоқ ешқандай», – деді Бірлік ауылының тұрғыны Қуатбек Ақышев.
Халықтың айтып тұрған даулы жері міне осы жер. Осыдан 2-3 күн бұрын көрші ауылдың кәсіпкерлері осы жерді жырта бастаған. Халық көріп, шу шығарып, бұл жұмыстарын тоқтатқан. Бірлік ауылының тұрғындарының басты талабы бұл жерді ЖСШ-не сатпай, мал жайылымдарына беру.
Тұрғындардың мал жайылымына пайдаланып жүрген жердің аумағы 125 га. Ол 2019 жылдан бастап «Тілеп-нан» ЖШС-не тиесілі. Осы уақытқа дейін жер игерілмей тұрған, биыл кәсіпорын тек шекарасын белгілеген.
«Бұл жер заңды түрде біздікі. Биыл жер жыртып, егін егеміз деп ойлағанбыз. Бірақ қазір бұл жерде шөп өспейді», – деді ЖШС директоры Ақжан Бейсембаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың қаңтар айында «ауыл маңындағы жерлер халықтың пайдалануына берілуі тиіс» деген протоколына сәйкес, қазіргі таңда бұл жерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіледі, дейді жергілікті шенділер.
«Егер де мал саны өсіп жатса, ауыл маңындағы жерлерді ауылдың игілігіне пайдалануға жұмыс жүргізіледі. Аудандық әкім жұмысқа жаңа кірісті. Мал саны көбейіп, жер жетпей бара жатса, жерді қайтару жөнінде аудан әкімі жұмысты жүргізеді», – деді Петровка ауылдық округінің әкімі Оралбек Қоңқабаев.
Бірлік ауылында ірі қара бас саны 197-ге жетті, барлығы 934 гектар жері бар. Бұл жер халықтың мал санына жеткілікісз дейді аудан әкімі. Жетуі үшін аумағы кем дегенде 2668 гектар болуы тиіс. Жалпы өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласында 7 млн 100 мың гектар жер бар. Оның 3 млн 200 мыңы жайылым. Соңғы 5 жылда 21 мың гектар жер мемлекет еншісіне өтті, 26 мың гектарды қайтару істері сотта қаралып жатыр.
Диана Есім, «Алматы» телеарнасы