|
25.05.2022 | 21:46
12248

Екі компания арасындағы даудың салдарынан халық ауыз сусыз қалуы мүмкін

«Алматы cу» компания өкілдерінің айтуынша, жекеменшік мекенің қарызы 120 миллион теңгеден асып кеткен

Екі компания арасындағы даудың салдарынан халық ауыз сусыз қалуы мүмкін Almaty.tv

«Алматы суға» 120 миллиондай теңге қарыз болған жекеменшік компаниясының басы қайта дауға қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі тарап арасындағы кикілжің салдарынан 10 мыңнан астам халық қара суға жарымай қалуы мүмкін. Сондықтан облыстағы Бесағаш ауылының жұрты, іс насырға шаппай тұрғанда, мәселенің бір жақты шешім тапқанын талап етті. Бұл даудың шығуына жекеменшік компанияның төленбеген миллиондаған қарызы себеп. Сондықтан су ақысын сұраудан шаршаған «Алматы су» өкілдері шара қолданбасқа амылымыз қалмады дейді.

Қарыз төленбеді деп суды өшіруге келген «Алматы су» өкілдерін жергілікті тұрғындар қарсы алды. Тіпті, екі тарап жаға жыртысуға дейін барды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері де жетті. Абырой болғанда, халық пен жауаптылар арасындағы дау ушықпады. Жұрт сабырға келіп, мәселені ақылмен шешуді жөн санады.

«Тасқұм-судың»  «Алматы суға» неге ақша төлемегенін біз білмейміз. Себебі біздің құқығымыз жоқ! Біреудің есебін қарап, не болып жатқанын көруге. Неден болғанын біз білмейміз. Бірақ соның кесірінен біз сусыз қалайын деп отырмыз. Сондықтан халық осы жерде жиналып отыр. «Алматы судың» құқығы жоқ дедік. Сот шешімін әкелсін, сонда бәрі болады», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Жарқын Күрентаев.

«Алматы cу» өкілдерінің айтуынша, жекеменшік компания арадағы келісімшартты сақтамаған.  Бір жарым жыл су ақысын төлемей, бүгінде қарызы 120 миллион теңгеден асып кеткен.

«Бірнеше рет келісімсөздер өтті. Хат та алмастық. Сотқа жүгініп жүрміз 1 жарым жыл. Талғар ауданы әкімдігінің ғимаратында келісімдер өткізілді. Ол жерге «Тасқұм-судың» да, «Алматы судың» да, әкімдіктің де өкілдері болды. Бірақ бұл келісімдерден нәтиже шығып жатқан жоқ», – деді «Алматы су» МКК өтім қызметі департаментінің басшысы Олжас Жұмағұлов.

Ал мекеме өкілі ақының уақытылы төленбеу себебін түсіндіріп, құбырларды жөндегендіктен шығынның артқанын алға тартты. Айта кетсек, бұл жекеменшік компания Бесағаш ауылының 10 мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

«Шығынның көбеюіне байланысты қарызды жаба алмай отырмыз. Бұған дейін құбыр ауыстырдық. Себебі көп жерде желілер ескіріп, су далаға аққан. Сол кезде құбыр бойындағы 150 жарықты жамап, ауыстырып шықтық. Егер қателеспесем, ауылға тартылған су жолдары 68 жылдары салынған», – деді  «Тасқұм-су» ЖШС өкілі Ернар Татанов.

Суды өшіруге келген «Алматы cу» өкілдеріне жергілікті тұрғындар мүмкіндік бермеді. Халықтың сөзін Бесағаш ауылының әкімі мен Талғар ауданы әкімінің орынбасары да қолдап шықты.

«Халық үшін сөйлеп жатырмыз. Біз де қарсылық көрсеттік. «Алматы су» адамдарымен сөйлесіп, бір мәмілеге келдік. Өшірмейді. Қазір аудан әкімдігінде жиналыс өтеді.  1-2 күнде шешілетін нәрсе емес. Бірақ қарастырылып жатыр, құжаттарды да көрсеттік. Сол себепті су өшпейді», – деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі ернар жүнісов

«Алматы су» өкілдері төлем жасамай қойған компания өзін "банкрот" деп жарияласа, олар қарызды қайтармай қояды деп алаңдаулы. Ал халық болса, соттың нақты шешімін көрсетпейінше жауаптыларды құбыр маңына жолатар емес. Қысқасы, жергілікті әкімдік өкілдері барлық тараптың басын қосып, мәселені шешуге  уәде берді.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир