Ауылда жүріп те атағын шығарып, артында өшпес іс, өнегелі мұра қалдыруға болады. Әрі ел үлгі тұтатын еңбекқор кейіпкерлер қаймағы бұзылмаған ауыл арасында да аз емес. Тек жастарға үлгі қылу үшін үгіт, насихат жетіспейді. Бүгін Түрген жұрты осы өңірдің дамуына өзіндік із қалдырған, қиын қыстау кезеңде халықтың әл ауқатының өсуіне аянбай еңбек еткен Абыхан Жексембековті еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауыл халқының айтуынша Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылдық округінде қожалық басқарып, әкім болған ардақты азаматтың өмірі қазіргі жастарға да, билікте жүрген азаматтарға да үлгі бола алады. Себебі, қазір жастардың көбі қалаға қашып, туған өлкесіне қолғабыс етуді ұмытып кетеді. Ал әкім-қаралар өзінен жоғары тұрған адамдардан сескеніп, тәуекелмен жұмыс жасауға бата алмайды.
Абыхан Жексембек – отызға жуық ұлт өкілдері тұратын өңірде қарсылықтың көп болғанына қарамастан, алғашқы қазақ мектебін ашқан азамат.
«Балалар үшін қазақ мектебін ашу қажет болды. Міне, сол қажеттілікті көтеріп, мәресіне жеткізген осы Абыхан ағамыз. Әр салада барлығын реттеп, қарап отыратын. Ол кісі жұмыс тапсырып, талап қоя білетін, әрдайым қолдау білдіріп отыратын. Сондай тынымсыз жұмысының арқасында осы мектебіміздің ашылуына себеп болды», – деп еске алады Асылбек ЖОЛДЫБАЕВ.
Ауылын алға сүйреген ұлжанды азамат тоқсаныншы жылдардың өзінде кәсіп көзін халыққа тауып берген. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын шағын ғана округте 306 шаруа қожалығы, 60-қа жуық сауда орны мен жүздеген техника жұмыс істепті. Нәтижесінде, қазір 16 мың тұрғынның тұрмысы түзелген. Абыхан Аманбайұлын жастарға үлгі қылу мақсатында бүгін түрлі спорттық ойындардан жарыс өтіп, білім белесінде биікке көтерілген оқушылар мен ұстаздар марапатталды.
«Елге, ұлтқа, тілге жаны ашитын азамат болатын. Көп жылдар бірге жүрдім, бірге жұмыс істедім. Ол кісі кооператив басқарды, әкім болды. Оның жатса да, тұрса да ойлайтыны – ұлт еді. Осы Түргенннің жастары ертең қалай күн көреді, елдің ертеңі қандай болады, ұлтымыздың тілі қандай күйде болады деген мәселелерге толғанатын. Ол кезде қазақ тілі мәселесін көтеру қылмыстай көрінетін. Бірақ ол кісі ешкімнен тайсақтамай, тіл мәселесін өткір көтеретін», – дейді Жаңаберген МҰХАМЕДОВ.