Алматылық жастар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбаймен кездесті. Бұл шараның мақсаты - жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру, патриотизмді нығайту. Жоба бастамашысы - «Жас Отан» жастар қанаты.
«Қазақ «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді ғой. Меніңше осындай кездесулер жастарға көп нәрсе береді. Олар өздері түсінбей жүрген кейбір мәселелерге жауап таба алады. Егер бұл жай пікірлесу ғана емес, сырласу деңгейіне жетсе, онда менің де мақсатымның орындалғаны», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист Қали СӘРСЕНБАЙ.
Кеш соңында қаламгер жақында ғана тұсауы кесілген «Эстет» атты өмірбаян кітабы мен өзге де еңбектерін қолын қойып, жастарға табыстады.