Алматыда жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер бағасы негізсіз өсіп кеткен. Мұндай деректі республикалық бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттік қызметкерлері талдау жүргізу кезінде анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, нарық субьектілерінің пәтер құнын өз еркімен белгілеуіне рұқсат жоқ. Қолданыстағы заңнама бойынша, жеке кәсіпкерлер баспана бағасын арнайы мамандармен келісіп қоюы қажет. Антимонополия қызметкерлері жүргізген талдау нәтижесінде құрылыс компаниялары үй құнын арзандатуға уәде берді.
«Қазіргі таңда BI-GROUP компаниясы Алматы қаласының бірқатар тұрғын үй кешенінде бағаларды 4 пайызға дейін төмендеткенін хабарлайды. Егерде аталған нарық субьектілерінің тұрғын үй кешендерінде бағалардың төмендемегені туралы нақты деректер болған жағдайда, онда тұтынушылар монополияға қарсы органның қызметіне жүгіне алады», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бас кеңесшісі Әсел Зиядинова.
Мамандар жеке кәсіпкерлер үй бағасының шарықтауын құрылыс материалдарының қымбаттағанымен байланыстырып отыр. Оның үстіне, пандемия жағдайы да тұрғын үйді салуға айтарлықтай кері әсерін тигізгенін айтады. Агенттік қызметкерлері алдағы уақытта пәтер бағасын бақылауда ұстап тұратындарын жеткізді.