|
19.10.2021 | 20:32
1116

«Кальмар ойыны» сериалына бірнеше елде тыйым салынды: психологтар не дейді

Аталған сериалды арнайы платформада бір айдың өзінде 111 миллион аккаунт көрген

«Кальмар ойыны» сериалына бірнеше елде тыйым салынды: психологтар не дейді Almaty.tv

Әлем бойынша рекордтық көрсеткіш жинаған «Игра в кальмара» сериалына бірнеше мемлекетте тыйым салынды. Кинотуынды жеткіншіктерді зұлымдыққа итермелейді деп танылып отыр. Аталған сериал бала психологиясына қалай әсер етеді? Психологтар не дейді? Бұл сұрақтарға Almaty.tv тілшісі жаупа іздеп көрген еді.

Netflix платформасында кеңінен тараған «Игра в кальмара» – оңтүстіккореялық сериал. Жалпы, сценарий барысы 456 қатысушының арасындағы ойынмен өрбиді. Басты мақсат жеңілмеу. Жазасы өлім. Қатыгез көрініс қазір ауладағы балалардың арасында да белең алған. Бала болашағына әсер еткен кинотуындыға ата-аналар да өз наразылығын білдіріп жатыр.  

«Ойын жантүршігерлік екен. Сериал да сондай. Негізі, баланың психикасына кері әсер етеді деп санаймын. Ойынды ойнау барысында балалар ашулы күйде болады. Мен ата-ана ретінде баламның бұл ойынға кіруін шектеуге тырысамын», – дейді ата-ана Дайана Крылова.

Аталған сериалды арнайы платформада бір айдың өзінде 111 миллион аккаунт көрген. Қатысушыларды ойыннан аяусыз шегеретін, қанды сериалдың психологияға қандай зияны бар екенін психолог та айтып өтті.

«Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан «Игра в кальмара» киносы жасөспірімдердің психикасына әсер етуі әбден мүмкін. Негативті әсер алып, қорқыныш сезімі ұялаған балада фобия пайда болады. Өзінің эмоциясын басқара алмайды. Агрессивке бейім болып келеді. Аяушылық қасиетінен жоғалтқан бала кинодағы барлық қасиеттерді қалыпты деп танып, оны өмірде қайталауы әбден мүмкін», – деді психолог Мәншүк Абдолдаева.

Айта кетейік, желіні жарған танымал сериал 900 миллион доллар жинауды көздеп отыр. Одан бөлек, шетелдік блогерлер көшеде ойын ұйымдастырып, жеңімпазға 10 мың АҚШ долларын сыйға тартқан. Пластикалық оғы бар тапаншаны атып ойнағандар да табылды. Кейіпкерлерге ұқсағысы келетіндер  саны күннен-күнге өсуде. Қорқыныштысы да сол.

Сая Есімхан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Прямой эфир