«Отбасылық сот»: Нұр-Сұлтанда биылғы 3 айда 177 отбасы ажырасқан

«Отбасылық сот»: Нұр-Сұлтанда биылғы 3 айда 177 отбасы ажырасқан
2018 жылы сотқа 637 отбасы жүгініп, 400-ден астамы ажырасып тынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске асуда. 8 ай бұрын қолға алынған жобаның статистикасы да әртүрлі деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр елорданың Алматы аудандық сотына араздасқан 637 жұп жүгініп, 400-ден артығы ақыры ажырасып тынған. Биыл 3 айда осындай тағы 177 жанұя татуласа алмай, кетісіп жатыр. Аудандық сот өкілдері бұл теріс тенденцияға не себеп екендігін тарқатып берді.

Өткен жылдың қыркүйегінде қолға алынған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы елдегі отбасылардың не себеппен араздасатынын, оның шешу жолдарын қарауға арналған еді. Ол үшін Нұр-Сұлтанның Алматы аудандық сотында арнайы «Жанұя орталығы» да ашылған. Онда осындай іспен айналысатын судъялар, медиатор мен психологтар бар.  

«Жобаға арнайы судъяларды бөлген. Олар тек отбасылық істермен айналысады. Сәйкесінше, біздің оған дайындалатын уақытымыз бар. Бұл істерге біз психологтарды да тартамыз. Әрбір жұппен сөйлесеміз, жанжал себебін анықтаймыз. Қаншалықты жағдайдың қиын екенін білеміз де, одан шығу жолдарын пысықтаймыз. Ол үшін психологтар пен медиаторлар бар күшін салады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Майя ҚАСЫМОВА.

Жыл басынан бері елорданың аудандық сотына ажырасу туралы 500-ден астам отбасыдан арыз келіп түскен. «Фемида» өкілдері олардың 300-мен тілдесіп, райынан қайтарса, 170-тен астамы өз шешімін өзгертпепті.

Медиатор Сайраш Жүкенова бұрын ажырасу немесе алимент төлеуді сұрағандарға судьялар тез шешім шығаратын еді дейді. Ал, аталған пилоттық жоба іске асқалы судъя барлық егжей-тегжейді анықтайтын болған. Медиатор-маман берекесі кетіп, жанжалы артқан жанұяларда балалар жайының қиын екенін көру үшін психолог болу керек емес дейді. Үйдегі барлық жағдай баланың мінезін өзгертеді. Толық отбасында өспеген жасөспірімді қиын қалпынан алып шығу оңайға түспейді екен.

«Баланың өзгергенін суреттерден, сөзінен байқауға болады. Психолог олармен сөйлеседі, әңгіме құрайды. Содан кейін тренингтер болады. Оның барысында балалардың отбасындағы жағдайын анықтай аламыз», - дейді Сайраш Жүкенова.

Отбасының көңіл-күйіне, психологиялық қалпына жауапты маман Айжан Сүлейменова айқай-шудың себебін өз бетімен түсіндірді. Бірінші – көрсеқызарлық, яғни ұнатуды махаббат деп түсіну. Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық, содан кейін өзгемен көңілдес болу және материалдық жағдайдың нашарлауы.  

«Бір-бірінің түріне, бет-әлпетіне ғашық болып үйленіп алады, сосын бала пайда болады. Отбасы болған соң қиындықтар, материалдық проблемалар туындайды, сол кезде арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс пайда болып, соңы ажырасумен аяқталады», - дейді отбасылық психолог Айжан СҮЛЕЙМЕНОВА.

Новости партнеров