|
06.01.2021 | 22:09
8073

Сенаторларға биыл заңды күшіне енген қылмыстық процесстің үш буынды моделі таныстырылды

Азаматтардың құқығын шектейтін нормаларды бір ғана орган қабылдамау керек

Сенаторларға биыл заңды күшіне енген қылмыстық процесстің үш буынды моделі таныстырылды Almaty.tv

Азаматтардың құқығын шектейтін нормаларды бір ғана орган қабылдамау керек. Осылай деген еліміздің бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бүгін Сенат депутаттарына 1 қаңтардан бастап заңды күшіне енген қылмыстық процесстің үш буынды моделін таныстырды. Халық қалаулылары тергеушілердің жаңа процессуалдық жағдайлардағы жұмысымен электрондық форматта танысуға мүмкіндік алды. Қабылданған жаңа заң қалай жүзеге асып жатыр? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке тарқатады.

Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету өзекті түйткіл. Бұл ретте Мемлекет басшысы биылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеді. Бүгін халық қалаулыларына осы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінің ақпараттық базасы таныстырылды. Кездесуде еліміздің бас Прокурорының орынбасары: «Жаңа енгізілімдер уақытты үнемдейді, ашықтықты қамтамасыз етеді және азаматтардың қылмыстық процесс шеңберіне негізсіз тартылуын болдырмайды», – дегенді алға тартты.

«Енді Қазақстан бойынша қабылданған шешімді тек қана прокурор бекітеді. Осы ерекшелігі. Бұл – егемендік алғаннан кейінгі үлкен бір өзгеріс. Бұл – ОСЭР елдерінің тәжірибесі, дамыған елдердің тәжірибесі. Азаматтардың құқығын шектейтін нормаларды бір кісі, бір орган, бір ведомство шешпеу керек деген», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.

Президент өзінің халыққа жолдауында Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керектігін айтқан болатын. Енді полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге міндеттеледі. Ал прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуі тиіс.

«Қазір бұл жүйе бойынша ол күн сайын, уақыт сайын, минут сайын не болып жатқанын, қандай жағдай болып жатқанын көріп тұрады. Егер онымен келіспесе, ол арыз жазуға мүмкіндік алады. Ол үлкен мәселе», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Сәуле Айтбаева.

Басқосуға қатысқандар еліміздің қылмыстық заңнамасына енгізіліп жатқан көптеген өзгерістер бүгінде қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал еткенін айтып қалды. Осыдан ондаған жылдар бұрын қасақана адам өлтіру фактілері 2,5 мың жағдайға жеткен болса, соңғы 3-4 жылдың ішінде бұл көрсеткіш мыңның шамасына түскен. Яғни, еліміздегі криминогендік ахуалдың жақсарғанын байқатып отыр.

Сая  Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир