«Сәтті жұлдыз» компаниясының табысын тексеру керек - Мәди Ахметов

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынның кесірінен миллиондаған қарызға батқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде астыртын бизнес арқылы пайда тауып, халықты жолдан адастырып отырған компания көп. Бір топ мәжіліс депутаты осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бәс тігемін деп басын тығып құмар ойынға кіріп кеткеннің бірі – елордалық 35 жастағы азамат. Ол 10 жылын азарттың азабында өткізген. Алғашында қызық көріп барыпты. Оңай олжаға кенеліп әбден үйреніп алғаннан кейін, үйіндегі ақшаны ұрлаған. Күреп ақша табамын деген жеңіл ойы оны арынан да, қолдағы барынан да айырған.  

«Достарға қалай қосылып кеткенімді білмей қалдым. Басында бір-екі рет ойнап, ұтысқа жеттім. Одан кейін кішкене ақша түссе, ойынға салатын болдым», – деді қала тұрғыны.

«Ақша тігіп кейін соның азабынан шыға алмай қалған жастар жетерлік»дейді депутат Мәди Ахметов. Халық қалаулысы жуырда ғана осы мәселеге қатысты жауапты министрлікке депутаттық сауал жолдады. Есебінше, соңғы 5 жылда бір ғана компанияның кірісі 392 млрд теңгеден асқан. Алайда салық ретінде бюджетке тек 7,8 млрд теңге түсіпті.

«Біздің негізгі ұсыныстың бірі –  «Сәтті жұлдыз» компаниясының табысын мемлекет тексеруі тиіс. Одан кейін еліміз бойынша 6 мыңнан астам «Lotomatic» терминалы орнатылған. Сонымен қатар 300-ден астам лотоклуб бар. Солардың жұмысын қаншалықты заңды екенін тексеру керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов.

Бас қаладағы «Көмек» атты бұл орталыққа күніне 100-деген қоңырау келіп түседі. Дені ет-жақын бауыры, туысының құмар ойынның құлына айналып бара жатқандығынан көмек сұрап жүгінеді екен. Орталық маманы бәс тігуге ақшаны несиеге алатын азаматтар көбейгенін айтты.

«Басында олар түсінбейді. Мақсаты – ақшаны алу, ұтылған ақшаны қайтару. Отбасын асыраймыз деп,  тез ақша табудың жолын іздейді. Бірақ ол тәуелді болып қалады, оны түсінбейді», – деді психолог Абылайхан Ғалымжанұлы

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынның кесірінен миллиондаған қарызға батқан. Олардың әрбірінің берешегі 10 миллион теңгеден асады. Салық комитетінің ақпарынша, өткен жылы бір ғана сондай ұйымнан қазынаға 2,7 млрд. теңге түсім түскен.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров