Құтқарушылардың кәсіби мерекесі тойлануда

Құтқарушылардың кәсіби мерекесі тойлануда
Жыл басынан бері шаһарда 900 адам өрттен құтқарылыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан 24 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен  Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Соның негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленген. Айтулы датаға орай, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері  құтқару құралдары мен заманауи жабдығын көрсетіп, ашық есік күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

24-ші мерейтойларын алматылық құтқарушылар спорттық бағытта өткізуді жөн санапты. Өрт сөндірушілерден құралған бес үздік команда екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқысы – өрт  биатлоны, яғни түрлі кедергілер арқылы мәреге бірінші келу болса, екіншісі саты арқылы төрт қабатты оқу ғимаратына өрмелеу. Барлық қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салды.

«Неге бұл өрт сөндіру-құтқару деп аталады? Бұл жердегі әрбір құтқарушының әрекеті кәсіби спортшыдан кем емес. Спорттағы әрбір секунд бәрін өзгертетін болса, мұнда да әр уақыт құтқарушы үшін бағалы. Жылдам әрі кәсіби тұрғыда әрекет ету – біздің жігіттердің негізгі міндеті», - деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.

Өрт сөндіруде өз ісінің нағыз маманы  Марат Тұралбаев та – бүгінгі жарыстың қатысушысы. Ол ондаған адамды ажалдан арашалап қалған. Осыдан 13 жыл бұрын «Керемет» ықшамауданында жалындаған өрт кезінде, бір қызды лапылдаған ғимарттан алып шыққан. Осы батырлығы ескеріліп «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

«Әлі есімде көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы пәтер жанып жатты. Түтіннен еш нәрсе көрінбейді. Мен құтқарған қыз сегізінші қабатта тұрады екен. Ол қорыққаннан үй мен лифтінің арасында жүгіріп шаршап, жатып қалыпты. Алтыншы қабатқа көтеріліп жерде жатқан жерінен тауып алдым», - деді  өрт сөндіруші Марат ТҰРАЛБАЕВ.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл сайын Алматы қаласында 700-ге жуық өрт тіркеледі. Жыл басынан бері шаһарда 900 адам құтқарылыпты. Осының бәрі бастарын қауіпке тігіп, отқа да суға да түсіп жүрген құтқарушылардың арқасы дейді көпшілік .  

Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров