Алматыдағы халықаралық әуежайдың VIP терминалын сүруге байланысты сәулетшілер не деді

Алматыдағы халықаралық әуежайдың VIP терминалын сүруге байланысты сәулетшілер не деді
Бұл ғимарат қала халқы мен қонақтарының жадында әдемі естелік болып қалары анық
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы халықаралық әуежайдың VIP терминалын сүруге байланысты пікірталас жалғасып жатыр. Бұған дейін ескі нысанның бұзылуына кей сәулетшілер қарсылық білдірген еді. Бірақ сәулет және құрылыс институты аталған ескі ғимарат қаланың архитектуралық ескерткішіне жатпайтындығын ресми мәлімдеді. Мамандар бұл мәселені жан-жақты тұрғыда шешу үшін бірнеше жоба ұсынып отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Сүрілуіне бірі қарсы шығып, енді бірі қолдап жатқан әуежайдағы ғимарат осы. Солтүстік беткейде орналасқан бұл нысанда талай VIP қонақтар қабылданып, талай беделді жолаушылар жолға шыққан. Ал мамандар бұл нысан қаланың сәулет ескерткішіне жатпайтынын алға артады.

Бұл ғимарат қала халқы мен қонақтарының жадында әдемі естелік болып қалары анық. Бірақ мамандар нысанның тарихи құндылығы жоқ деп есептейді. Себебі бұл өткен ғасырда салынған кезекті типтік нысан көрінеді.

«Қазқайтажаңғырту» мекемесінің өкілі Сәдуақас Ағытаев ескінің сүріліп, жаңа ғимараттың салынуы қалыпты жағдай дейді. Оның сөзінше терминалдың кейбір элементтерін алып, басқа жерге көшірген дұрыс. Ал ғимаратты сол қалпында көшіру аса қиын, әрі көп шығынға батыратын іс деу жаңсақ нәрсе дейді ол.

«Аэропорт – тірі ағза. Ол да өсіп жатыр, ол да дамып жатыр. Бұрынғы ұшақтарға 30-ақ адам сиятын еді. Қазір 700 адам сиятын ұшақтар шығып жатыр. Бір ұшақтың адамы сыймайды оның ішіне. Бір ұшаққа қызмет көрсете алмайды. Қазіргі ескі ғимаратты айтып отырмын. Осы қалалықтардың ойында, есінде сақтылып қалған образды ғана көшіру керек деп есептеймін маман ретінде», – деді «ҚАЗҚАЙТАЖАҢҒЫРТУ» РМК ғылыми зерттеу және жобалау филиалының директоры Сәдуақас Ағытаев.

Ескі ғимарат сүрілсе орнына үлкен, барлық стандарттарға сай абаттандырылған жаңа терминал бой көтереді. Мұндай қомақты жобаны іске асыруға түрік ағайындар инвестиция салуға әзір. Бірақ қоғамда қалыптасқан талқыға байланысты құрылысты бастау мүмкін болмай отырған көрінеді. Мұндай маңызды нысандарға келгенде эмоцияны кейінге шегеріп мәселені кәсіби шешкен дұрыс дейді Болат Құспанғалиев.

«Мен болашақ үлкен әуежайдың басты залына осы қазіргі ескі ғимараттың макетін орналастырып, жанына ескерткіш тақтаға алғаш рет әуежайдың жобасын жасаған архитектордың есімін жазып қою керек деп ойлаймын. Сол кезде тұрғындардың естелігіне де, осы ғимаратты жасаған сәулетші Төлеу Бәсеновке де құрмет көрсеткен болар едік», – деді Т. Бәсенов атындағы сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев.

Бұл сауалды біз алматылықтарға да қойып көрдік. Халық ғимараттың сүрілуіне аса қарсылық танытпайтын сыңайлы.

БЛИЦ:

- Ұлттық мәдениетті сақтай отырып қазіргі заманауи ғимарат салуға болады деп ойлаймын.

- Заманға сәйкес болуы керек, бір жағынан тарихты сақтауымыз керек. Өйткені біз өзіміздің қазақшылығымызды білдіруіміз керек.

- Көркейтіп, үлкейткен дұрыс сияқты. Өйткені біздің Алматы үлкен мегаполис саналады. ТМД-дағы ең мықты қалаларының бірі.

Әйтсе де отандық сәулетшілер келешекте пайда болатын жаңа нысанның өзіндік ерекшелігі, ұлттық нақышы болуы керек дейді. Ол үшін жергілікті сәулетшілер арасында арнайы конкурс өткізу аса маңызды.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров