Алматы облысындағы Қарғалы ауылының тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімдер асфальт салуды жылда уәде еткенімен өзгеріп жатқан ештеңе жоқ дейді халық. Ауылдағы ағайын жол жөндеуге қалталарынан ақша шығарып шаршаған.
«Бізге ең болмаса көлік берсе, өзіміз жолды тегістеп аламыз дедік. Ешкім берген жоқ. Атамұра көшесін қойшы, басты көшенінің мәселесін де айтып шаршадық. Бір грейдер жүрген жоқ», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Руслан Нүсіпбаев.
Жолдың азабын әбден тартқан Қарғалы ауылы тұрғындарының шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. Әр үй 20-50 мың теңгеден ақша шығарып, жолды жасату қалыпты жағдайға айналды дейді. Ауыл әкімдері осыдан екі жыл бұрын көшелерге асфальт төсейміз деп уәде еткен екен.
«Кезекпен Сүйінбай, Абай көшесі жасалады деген. Жасалған ештеңесі көрінбейді», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Ұлжан Көсебаева.
Құрғақ ауыз сөзге тойған бұқара жаңбырлы күні батпаққа батады. Әсіресе, мектепке баратын балаларға обал. Оның үстіне көшеде жарық жоқ. Күндерін бала-шағаны уайымдаумен өткізеді жұрт.
«Ит болады, түн қараңғы. 3-4 сынып оқиды балаларымыз, сабақтан кешкі сағат 20-00-де қайтады. Қыстың күні қараңғы ерте түседі. Ең болмаса осы орталық көшені жөндеп берсе жақсы болар еді», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Тазаш Балтабаева.
Ауыз су мәселесін де шулап жүріп әрең шешіпті. Бірақ одан түйткіл түгесіле қоймапты. Ауыл көшелеріне осыдан бір-екі жыл бұрын су құбыры тартылуы тартылған. Бірақ жұрт құрылысшылар жолды қазып-қазып кеткеннен кейін жағдайы онсыз да жарымай тұрған көшелердің сиқы бұзылды дейді. Әкімдер жер сатуды біледі, бірақ жағдай жасамайды деп кейіген ел жауаптылардың келуін күтті. Бетпе-бет кездесіп, толып қалған түйткілдерін жеткізді. Коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары биыл жасалуы керек 6 көшеге асфальт төселеді дей келе, балалар жүретін басты көшенің жобалық-сметалық құжатын жасаймыз, биыл жоспарға енгіземіз деп сендірді. Бірақ халықтың күтуіне тура келеді.
«Жобалық-сметалық құжат сомасын шығару бір бөлек, экспертизадан өткізеді. Оның уақыты болады. 2023 жылы жаз айларында бітеді», – деді Жамбыл ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Ибраимов.
Ал көшеге жарық жол жасалғаннан кейін ғана орнатылады. Әзірге ауылдың басқа көшелерін жарықтандыруға 5 млн теңге бөлініпті. Бұдан бөлек әкімдік өкілі су жүргізу үшін қазылып қалған көшелерге тас аралас құм төгіп береміз деп уәде етті.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы