Артезиан су құбырларын еншілеп алған кімдер

almaty.tv
almaty.tv
Тұрғындар ұңғыма судың бастауын қайта ашып, табиғи минералды ауыз су ретінде пайдаланып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Артезиан суы жалпы халыққа тиесілі». Осылай деген Алатау ауданының тұрғындары арнамызға хабарласқан еді. Көпшіліктің айтуынша, тіршілік көзінің бастауында орналасқан үйлер артезиан құбырларын еншілеп алған. Соның салдарынан судың ағысы баяулап, су алушылар ұзақ-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Осы мәселенің өзегін ашу үшін әріптестерім судың бастауына барып қайтқан еді. Almaty.tv тілшісінің келесі сюжетіне зер салсақ.

Алатау ауданына қарасты Әйгерім ықшам ауданындағы Әлмерек абыз көшесінің бойындағы Көк-Қайнар бастауы Кеңес Үкіметі тұсында егістікті суғару үшін қолданылып келген. Кейін судың көзі қараусыз қалды. Бұрынғы егістік алқабына бүгінде халық қоныстанған. Тұрғындар ұңғыма судың бастауын қайта ашып, табиғи минералды ауыз су ретінде пайдаланып келеді.

«Осы суды халықтың атында қалдырып, бекітіп бере ме немесе заңдастырып бере ме, әйтеуір осы су қайта осындай жағдайға түсіп қалмаса. Өйткені бұл ұңғыма су мына жердегі Әлмерек абыз көшесінен, бір үйден бері кесіп өтеді», – деді Алатау ауданының тұрғыны Бақытжан Сұлтанов.

Бүгінде көпшілік тұтынып отырған артезиан суы, бұрынғыдай молынан ақпай қалған деседі халық. Оған басты себеп, су жолына кей тұрғындар құбырларын жалғап, дайын асқа тік қасық болғаннан дейді. Осы нұсқаның ақиқатын білу мақсатымен тұрғындар көрсеткен үйге барып та көрдік. Алайда тастай берік дарбазаны қаққаннан басқа амалымыз болмады.

Судың басына жауапты мамандар да келіп, мән-жайды бақылап, тиісті шаралар қолға алынатынын, сондай-ақ жыл соңына дейін абаттандыру жұмыстары жоспарланып отырғанын айтты.

«Бұл жерде орындықтар қою, балалар алаңын, воркауд, алаңдарды қою жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурстар жүріп жатыр. Жуық арада мердігер мекеме анықталса, құрылыс жұмыстары басталады», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.

Көк-Қайнар бастауына қатысты сұрақ бойынша аудан тұрғындары әкімдікке хат жолдап, аталмыш мәселенің реттелетіні туралы жауап алды. Бүгінде ұңғыма судың айналасындағы аумақтар зерттеліп, тиісті мамандар аудан тұрғындарымен кеңес өткізіп жатыр.

Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров