29 маусымда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Отанға барар жол» халықаралық байқауының тұсаукесеріне арналған брифинг өтті. Ұйымдастырушысы – Халықаралық білім беру корпорациясы, деп хабарлайды Almaty.tv
Халықаралық білім беру корпорациясы екі ірі жоғарғы оқу орны – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА) мен Қазақ-Америка университетін (ҚАУ) біріктіру арқылы құрылған білім беру ұйымы. Корпорация 1980 жылы құрылған, сәулет, құрылыс және дизайн саласындағы кәсіби мамандарды даярлауда бай тарихымен, дәстүрімен белгілі, ҚР сәулет-құрылыс білімінің көшбасшысы – ҚазБСҚА және қазақстандық – американдық білім беру жүйелерінің үздік дәстүрлерін өз бойына сіңірген бірегей мекеме – ҚАУ-дың құқықтық мұрагері.
Брифингке Корпорацияның ректоры Маргарита Имандосова мен Корпорацияның бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев қатысты.
Маргарита Имандосова өз сөзінде, 40 жылдан астам тарихы бар Корпорация қоғам мен білім беру саласы алдындағы өз борышын әрқашан жауапкершілікпен атқарып келгенін айтты. Бүгінгі таңда, Корпорация сәулет-құрылыс саласының көшбасшы компанияларымен бірлесіп, еңбек нарығының қазіргі заманғы сұраныстарына сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын жетілдіруде тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
«Біздің оқу орнымыздың түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші 97%-ды құрайды. 2021 жылдың басында «Атамекен» ҰКП жоғары оқу орындары арасында рейтинг өткізіп, Коропорация еліміздің үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді»,‒ деді Имандосова.
«Отанға барар жол» байқауын өткізу идеясы Корпорацияның бақылаушы кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайыновқа тиесілі. Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, бірақ ұлты қазақ тұлғаларға тегін оқуға гранттар беру және қолдау.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады және онлайн форматта өткізіледі. Негізгі кезеңде, байқауға қатысушылар Instagram әлеуметтік желісінде «Қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғалар» және «Мен неге Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді» тақырыптарында бейне-эсселер ұсынады. Ақтық сында қатысушылар онлайн-сұхбаттасуға қатысады. Байқау жеңімпаздары ҚазБСҚА және ҚАУ жоғары оқу орындарында оқуға 20 ішкі грант ұтып алады.
Брифинг соңында Корпорация өкілдері Қазақстанның жоғары оқу орындарын осы бастамаға қосылуға шақырды.
«Болашақта, егер 129 жоғары оқу орнының әрқайсысы 1 гранттан бөлсе, сәйкесінше 129 талапкер өз отбасымен бірге туған жерінде болашағын табуға мүмкіндік алады. Дәл осындай қадамдар егеменді елімізде қазақ халқының ұлттық жаңғыруына алып келеді»,‒ деді Меңдіғалиев.
Байқауды ұйымдастырушылары отанынан тыс жерде жүрген мыңдаған жанұяларға Қазақстанға көшуіне, өз ата-бабасы армандаған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, болашақта қоғамда кеңінен қолдау тауып, дәстүрлі іс-шараға айналатынына және алдағы жылдары жалғасын табатынына сенімді.
Аталған байқаудан бөлек, биылғы жылдан бастап, Корпорация республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша, колледж және мектепті бітірген дарынды да білімді жастар арасында 100-ден астам ішкі грант бөлетіндігін айта кету керек.