Алматы көшелеріне төселген асфальттың сапасы сын көтере ме? Бүгін жол сапасына сынама жасайтын орталық мамандары осы сауалға жауап іздеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар қаладағы жуықта ғана жөнделген жолдардан асфальтты ойып алып, арнайы зертханада тексерді. Нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталды. Мамандардың айтуынша, кей мердігерлер жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, құрылыс талаптарына құлақ аспайды екен. Соның кесірінен төселген тас жол жыл толмай опырылатын көрінеді.
Әуелі Әуезов ауданына қарасты 1-шағынаудандағы жол құрылысын бақылауға алған мамандар ондағы тротуардың ескі асфальттің үстіне төселгенін айтты. Сол себепті жол жабындысы жаңбырдан соң көтеріліп кете береді де, мердігерлер оны қайтадан қырып алып тастайды. Алайда соның өзінің сапасы сын көтермейді деді.
Зертхана мамандарының сынама алып жатқанын естіп, құстай ұшып жеткен мердігерлер сарапшылардың ескертусіз келгеніне әбден ашуланды. «Бұл жолдың сапасына сын айтуларыңыз орынсыз» деген олар аумақты өз қаржыларына тегін жөндеп жатқанын да алға тартты.
«Бұл аумақ бізге берілген тапсырысқа мүлдем кірмейді. Тұрғындар сұрағасын осы жердегі тротуар мен жолды өз қаражатымызға тегін жасап бердік. Тротуардың асфальтә көтеріліп кеткесін қырып алып тастадық. Үстіне қайтадан сапалы етіп төсейміз. Бізге тапсырыс бойынша берілген аумақта жұмыстар әлі біткен жоқ. Осы айдың аяғында аяқтаймыз деген жоспарымыз бар», – деді «Казстройпродукт» ЖШС директорының орынбасары Арман ЖАЙСАН.
Мердігерлер зертхана мамандарын өздері жоба бойынша жөндеп жатқан аумаққа апарып, тас жол мен тротуардан бірнеше сынама алды. Жұмысшылар жүргіншілер жолының қалыңдығын әртүрлі етіп төсеген. Бір бөлігіндегі асфальт жабындысының қалыңдығы 3 смге әрең жетсе, ендігі бөлігіндегі қабат 4 см-ді құрады. Дегенмен мердігерлер жұмысының сапасын толық анықтау үшін, сынамалар зертханаға тапсырылды.
«Сырт көзге жол тығыздығы талаптарға сәйкес келмейтіні көрініп тұр. Шұрық тегістер ортасында, тегіс емес. Мәселен, мына басқа жерден алған асфальтты көретін болсақ, бұның тығыздығы өте жақсы екені көрініп тұр. Бірақ біз бұны әлі зертханалық жұмыстар жүргізіп, толығымен нәтижесін ертең бере аламыз», – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының инженері Гаухар АТАНЧИНОВА.
Орталық мамандары сынама үшін алынған асфальттың тығыздығы мен қалыңдығын тексеру үшін оны әуелі таразыға салып өлшейді. Кейіннен арнайы қыздырылған пешке салып ерітеді. Нәтижесінде асфальттың жалпы құрамы мен сапасына баға беріледі. Ал сараптама қорытындысы қағазға жазылып, мердігерлерге жөнелтіледі.
Зертхана мамандары әрмен қарай Жетісу ауданына қарасты Павленко көшесіне табан тіреді. Бұл аумақта «МБ-Дорстрой» мекемесі жуықта ғана орташа жөндеу жұмыстарын бітірген. Ұзындығы 460 метрге созылған көшеге төселінген асфальт тақтайдай тегіс, сапасы мінсіз болып көрініп тұр. Бірақ мамандар мұндағы шикілікті де бірден байқап қойды. Сынама алып, нәтижесін көп ұзамай жария етті. Сөйтсе, тротуарға төселген асфальттің қалыңдығы талапқа сай болмай, 3 см-ге әзір жеткен.
«Мысалы салған асфальттың толщинасы не соответствует. Одан кейін коэффициент уплотнениесі келмейді екен. Соны біз тығыздығын тексеріп, мердігер компанияға хат жазып бердік. Олар енді екі жетінің мөлшерінде қайтадан жасап, бізге өткізуі керек. Біз тексеріп қабылдап, ары қарай управление дорогқа олар объем ретінде өткізеді», – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Өмірзақ ЕРЕМБАЕВ.
«Жол жөндеу кезінде біздің тараптан кеткен ақау шағын ғана. Жақын арада қалыпқа келтіреміз. Не себепті асфальт сапасыз төселгенін нақты айта алмаймын. Мүмкін жұмысшылар дұрыс істемеген болар. Тротуар қолмен төселді», – деді «МБ-Дорстрой» ЖШС прорабы Николай КАДОЧНИКОВ,
Талап бойынша тротуарға төселетін асфальттың қалыңдығы ең кемі - 4 см, ал жолдың қабаты - 5 см-ден кем болмауы тиіс. Жол сапасын зерттеушілер жыл басынан бері қаладағы 28 жол жөндеу учаскесінен сынама алып, тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде 10 шақты мердігер құрылысты жүрдім-бардым орындаған екен. Жұмысшылар көбінесе асфальтты жұқа етіп төсеп, тиісті температураны ескермейді екен. Соның салдарынан көп жерде жаңа төселген жол, жыл өтпей жатып опырылып қалатын көрінеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы.