Биыл Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы аясында Павлодар облысына 3100 квота бөлінген. Оның ішінде 1600 Қазақстан азаматына, ал бес жүзі шетелдегі қандастарымызға беріледі. 2015 жылы жүзеге асырыла бастаған бағдарлама бүгінде біршама өзгерістерге ұшырап, әлі де жалғасып келеді. Көшіп барам деушілерге қандай жағдай жасалады? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалында.
Елімізде әр өңірдегі халық өсімі мен тұрғындардың жұмыспен қамтылуы әр-алуан. Осы орайда республика бойынша демографиялық ахуалды, жұмыссыздық мәселесін ескере келе үкімет 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын қабылдады. Тұжырымдаманың мақсаты – халқы тығыз орналасқан өңірлердің азаматтарын еліміздегі жұмыс күші тапшы аймақтарға тарту.
«Орыс ұлттары өздерінің Ресей мемлекетіне немесе неміс ұлттары Германияға кетіп жатыр. Сол жүйе әлі күнге дейін жалғасын табуда 90 жылдары бастау алған. Соның нәтижесінде облысымыздан жақсы мамандарымыз, жақсы отбасылар өз елдеріне қайтуына байланысты бізде адам саны едәуір төмендеуде», – деді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есембаева.
Жалпы Солтүстікке көшіп баруға ниетті жандарға көрсетілетін көмек көп. Қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 100 мың теге көлемінде қаражат беріледі. Биыл бұл сома екі есеге артуы мүмкін. Сондай-ақ, пәтер жалдауға және коммуналдық қызмет шығыны өтеледі. Ал, қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік оқуға жолдама беріледі.
Қоныс аударушыға көрсетілетін көмек:
- 35 АЕК бір реттік материалдық көмек;
- тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер бойынша шығынды өтеу;
- қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін ЖЖК 2020 бағдарламасы шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу (құнын төлеп алу) және/немесе салу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалдамалы тұрғын үй беру;
- қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беру;
- қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;
- жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамыту.
«Бізде Павлодар қаласында арнайы орталық бар. Көшіп келем деуші шешім қабылдау үшін қаламызға еш қорқынышсыз келе алады. Себебі біз оған 3-4 күнге баспана тауып беріп, азаматқа бағыт-бағдар көрсетеміз. Ол осы уақыт аралығында жұмыс орнын іздеп, қаламен таныса алады», – деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Талғат Әкімниязов.
Солтүстікке қоныстануға ниетті жан тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына баруы керек. Өзімен бірге, тек жеке куәлігі мен еңбек қызметін растайтын құжаты болса жеткілікті.
«Еңбек» бағдарламасы аясында еңбек күші мол аймақтардан жұмысшылары тапшы жерлерге адамдарды көшіру жұмысы қарқынды түрде іске асып жатыр. Барлық сұрақтар бойынша орталығымызға келуге болады. Сондай-ақ, enbek.kz сайтында керек мәліметтер жазылған», – деді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Рахметжан Бурханов.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін бағдарлама аясында Павлодар облысына 6300-дей отбасы қоныстанып үлгерген. Мамандардың айтуынша, көшіп барған жанұялардың барлығы дерлік аймақта тұрақтап қалған.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы