Алматыда жұмыссыздар саны азайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Былтыр шаһар бойынша статистика 5,3 пайызды құраса, биыл 5,2-ні көрсетіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жұмыссыздар саны азайды. Былтыр шаһар бойынша статистика 5,3 пайызды құраса, биыл 5,2-ні көрсетіп отыр. Сондай-ақ, тұрақты жұмыспен қамтылғандардың жалақысы да 30 пайызға өскен. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

23 жастағы Төрежан Қасымбекұлы жұмыспен қамту орталығына қызметке тұрғанына 2 жыл болған. Жоғары оқу орнында білім алған соң, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу қиынға соғыпты. Себебі көп мекеме  іс-тәжірибенің жоқтығын сылтау қылған. Көп уақыт жоғалтпастан, «жастар тәжірибесі» бағдарламасына өтінім беріп, 6 ай бағын сынаған.

«6 ай өзімді жақсы көрсеттім. Жақсы жұмыс жасағаннан кейін бе, мені осы жерге тұрақты жұмыс орнына алып қалған болатын. Бұл бағдарлама өте жақсы жасалған бағдарлама», – деді «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушы Төрежан Өтеген.

Жас мамандарды еңбекпен қамтыған осындай бағдарламалардың бірі – «Қоғамдық жұмыстар» жобасы. Азаматтарды 12 ай көлемінде уақытша еңбекпен қамтитын бастама жұмыссыздар үшін айтарлықтай қолдау дейді қатысушылар.

«Бұл жерде мен «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасымен таныстым. Бағдарлама арқылы алғашқы іс-тәжірибе жинақтадым. 10 айлық жұмыс жасадым. Жалақымыз 85 мың теңге болды», – деді «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасына қатысушы Ақмарал Айдосова.

Пандемияға байланысты жұмысқа орналасуға ниет білдірушілер саны әлдеқайда артқан дейді мамандар. Тек жыл басынан бері 17 мың 534 адам еңбекпен қамтылыпты. Алдағы уақытта «Еңбек» бағдарламасы арқылы тағы да 13 мың қала тұрғынына жұмыс орындары дайындалып, «Қоғамдық жұмыстар» бойынша қосымша 623 вакансия бөлінбек. Ал, «Жастар тәжірибесі» аясында тағы 3000 азамат өтінім беруіне болады.

«Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін біздің орталықтың көмегіне 25 мыңнан аса азамат жүгінді. Олардың ішінде 8623 адам «Еңбек» бағдарламасы аясында уақытша жұмысқа орналаса алды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда жұмыссыздар санының 0,1 пайызға азайып, көрсеткіштің 5,2 пайызға түскенін дәлелдейді», – деді Жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова.

Бүгінде қалада жұмыспен қамтылған азаматтар саны 978 мыңнан асқан. Сондай-ақ, биыл тұрақты еңбекпен қамтылғандардың жалақы мөлшері де 30 пайызға өсіп, орташа айлық 268 463 теңгеге жеткен. Республикалық деңгеймен салыстырғанда бұл 38 мыңға артық дейді мамандар. Мәселен, «Жастар тәжірибесімен»  жұмысқа тұрғандар бұған дейін 72095 теңге алса, қазір қолға тиетіні 102 мыңнан асады.

Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров