Жамбыл облысында әскерден қашып кеткен сарбаз жайлы тың дерек

Almaty.tv
Almaty.tv
Бекітілген бекетті тастап кетіп, кейін кешірім сұраған сарбаздың мәселесін енді әскери прокуратура мен әскери полиция қарайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда әскери бөлімнен 4 күн бұрын қашып кеткен сарбаз туралы жаңа деректер шықты. Ол облыс орталығынан 60 шақырым жердегі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылы маңынан табылды. 19 жастағы жігіттің туыстары сарбаз қысым көруі мүмкін екенін айтады. Ал әскерилер бұл пікірді жоққа шығарып отыр. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жауынгермен жолығып болған жайды білген еді.  

Тараз қаласындағы 85/395 әскери бөлімінде жоғалған Нұрасыл Арысбаев, 25-нен 26-на қараған түні бөлімнің сыртқы қоршауынан секіріп кеткен. Қазіргі уақытта шымкенттік сарбаздың отбасы әскери бөлімшеде. Оларға бөлім басшысы 4 тәулік бұрын хабарласып, ұлдарының кезекшілік кезінде кетіп қалғанын айтқан. Оқиға түнгі 02.00 шамасында болған. Ол байланыс құралы мен планшетті қоршау ішіне қалдырып кетіпті. Бірақ таңғы 08.00 шамасында әскери бөлімнің маңында орналасқан асханалардың біріне келіп, тамақ сатып алған. Дегенмен, туыстары балаларының қашып кеткеніне сенбейді. Олар әскери бөлімде қысым көруі мүмкін деп ойлайды.

«Соңғы мәрте маған жиырмасына звондап, «уайымдамаңыз» деді. «Ешкім ренжітіп жатқан жоқ» па деп сұрағанымда, ол «жоқ, бәрі жақсы, сізді және апамды сағындым» деді.  Оның ішкі дүниесінде не болып жатқанын білмедім», – деді сарбаздың анасы Гүлжан Арысбаева.

Сарбазды аймақтағы құзырлылар төрт тәулік бойы тынбай іздестірді. 19 іздеу тобы жұмылдырылып, ұшақсыз ұшу аппараттары мен түнде көруге арналған құрылғылар да пайдаланылған. Нәтижесінде  жауынгер Ақыртөбе ауылы маңынан табылып отыр.

«Қазіргі кезде қатардағы жауынгер Арысбаев Нұрасыл тірі. Дені сау. Денесінде жарақаттар мен зақымдар анықталған жоқ. Оған қатысты және әскери бөлімді не себепті тастап кеткені жөнінде және оған қатысты процесуалды іс-шаралар жүргізу үшін істі құзырлы органға жолдадық», – деді Тараз қаласы № 85395 әскери бөлімі командирінің орынбасары Бауыржан Дүйсенбаев.

Түсірілім тобына бекеттен қашқан сарбаз сұқбат берді. Ол, таң ата темір жол бойымен Рысқұлов ауданына дейін жаяу жүріп барған. Одан соң қойшы қонысына тоқтап, сол жерде бүгінге дейін мал бағып ақша тапқан. Сол арқылы Шымкенттегі отбасына жетіп алуды ойлағанын айтады.

«Анам мен әкемді сағындым, сол үшін мен үйге қайтқым келді. Жолда адасып кеттім. Жұмыс істеп, сосын үйге барып, бірнеше күн болғым келді. Қателігімді түсіндім. Енді олай жасамаймын. Әрі қарай Отан алдындағы борышымды атқарамын», – деді сарбаз Нұрасыл Арысбаев.

Бекітілген бекетті тастап кетіп, кейін кешірім сұраған сарбаздың мәселесін енді әскери прокуратура мен әскери полиция қарайды. Алайда заңды білместік жауапкершіктен босатпайтынын айтқан жөн.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан


Новости партнеров