Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғындары үйімізге жақын салынған құрылысқа қарсымыз деп шағымдарын айтты. Тарсылдаған дыбыстан әбден мезі болдық деген жұрт үйімізге кіріп-шығудан қалдық деп отыр. Ол аздай құрылысы жүріп жатқан нысан үйімізден небәрі 16 метр жерде орналасқан дейді жергілікті халық. Ал құрылыс компаниясының өкілі бұл маңға үй салу үшін әкімдіктен рұқсат алғанын айтып ақталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылысқа қарсымыз деген қалың көпшілік жер үйімізге жапсарлай салынған нысан ережеге сай емес деп отыр. «Олар салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің арасы біздің үймен 16 метр ғана» деп шағым айтты.
Осылайша, Бесағаш ауылында тұратын 50-60 отбасы құрылыс алаңы үйімізге жақын салынғандықтан, трактордың тарсылы былай тұрсын, үйімізге кіріп шығудан қалдық дейік. Олардың айтуынша, жергілікті халық талабын айтып талай табалдырық тоздырыпты.
«Біз өткен жылы наурыздан бастап осы заңсыз түрде құрылыс салынып жатқаны туралы бірнеше рет президент әкімшілігіне, Бас прокурорға, Премьер-минстрдің канцеляриясына, облыс әкімшілігіне хат жолдаған болатынбыз. Бірақ ешкімнен ешбір нәтиже көрмедік», - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Бахыт Мұқаев.
«Ешқандай рұқсат қағазынсыз басталған құрылыс. Біз мына арғы бетте коттеджді қалашықта тұрамыз. Тұруға мүмкіндік жоқ. Өзім осы 54 жасқа келіп аллергияның не екенін өмірімде бірінші рет білдім. Мына жердің бәрі батпақ», - дейді Бесағаш ауылының тағы бір тұрғыны Қанат Әбішов.
Ал құрылыс жүргізіп жатқан жауапты компанияның құжаттарын тексердік деген Талғар ауданына қарасты жер қатынастар бөлімі әзірге құрылыс тоқтап тұрғанын айтады. Өйткені дау тудырған мәселеде кейбір құжаттар пысықталмаған дейді.
«Толығымен құжаты рәсімделмеген, яғни талон алмаған және сараптамадан толық өтпеген. Сол себепті құрылыс басқармасына хат жолдаған болатынбыз», - деді Талғар аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәурен Мұқанов.
Тұрғындардың талабына құлақ түрмеген құрылыс компаниясының өкілі бұл маңға үй салу үшін әкімдіктен рұқсат алдық деп отыр. Оның үстіне, ауылдың көркеюіне де үлес қосып келеміз деп ақталғандай болды.
«Эскизді жоспары келісілген, жоба келісілген. Қажетті құжаттардың барлығы бар. Оның үстіне, біз бұл жерге балабақша мен балалар ауласын салып, әкімдікке өткіземіз. Қоғамдық жұмыстарға да көмек беріп келеміз. Ал тұрғындардың наразылығының себебі, олар өздерінің үйлерін бізге сатып ал деп жатыр. Олардың айтқан бағасы өте қымбат», - деді құрылыс компаниясының өкілі Рафаэль Рашидов.
Басы дауға қалған құрылыс нысаны әзірге тоқтап тұр. Алайда үй салуға бекінген жауапты компания өкілдері тұрғындармен келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді. Ал халық тексеріс жұмыстарының нәтижесін күтеміз деп отыр.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы