Денсаулық сақтау министрлігі наркоздан кейін оянғандай. Бүгін Мәжіліс отырысында Нұрлан Нығматулин аталған саланың жұмысына осындай баға берді. Депутаттар әсіресе ауылды жерлерде уәде етілген медициналық қызмет көрсетілмей жатқандығын сынға алды. Президент өз Жолдауында 3 жыл ішінде елдімекендерді фельдшерлік пунктермен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Алайда министрлік алдағы жылдарға арналған бюджетте бұл мақсатта қаражат қарастырмаған. Ал, коронавирустың екінші толқынында дертпен күресуге қанша қаражат бөлінеді? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек толықтырады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, соңғы үш жылда елімізде 385 фельдшерлік акушерлік пункт салынған. Жаңа үш жылдық бюджетте жеті ФАП-тың құрылысына миллиардтан астам теңге бөлінген. Алайда төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин атқарылған істердің емес, алдағы жасалатын жұмыстардың дұрыс жоспарланбағандығына наразылығын білдірді.
«Президент өзінің сайлауалды тұғырнамасында 2019 жылы үш жыл ішінде сапалы медициналық қызметтерді әрбір қазақстандық үшін қолжетімді ету керектігін айтқан болатын. Жолдауда тікелей тапсырма берді. Бірақ үш жылдық бюджет жасақталады, бірақ бұл мақсатқа бір тиын да жоқ. Барлық Қазақстан бойынша тек жеті ФАП бойынша құжаттар дайын. Денсаулық сақтау министрлігі анестезиядан кейін күй кешіп отырғандай», – деді ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Ал, Қазақстанда коронавирустың екінші толқынымен күреске 240 миллиард теңге жұмсалады. Бұл ретте депутаттар елдің мемлекеттік қарызының өсуіне қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Алайда аталған мәселеге қатысты Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтің жауабына Мәжіліс спикері қанағаттанбады.
Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайлов мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде дейді.
«27 пайыз деңгейіндегі лимит – ол тұжырымдама аясында бекіткен ішкі лимитіміз. Халықаралық ұйымдар жалпы ішкі өнімнен 50 пайыздық лимитті белгілейді. Қазіргі кезде көптеген елдердегі дағдарыстық құбылыстарға байланысты осы лимитті ЕО елдерінде арттыру жағын пысықтап жатыр. Жалпы, бұл көрсеткішті тұрақты мониторингпен қамтып отырмыз. Атап айтқанда, үш жылдық бюджет аясында тапшылықты біртіндеп төмендетеміз», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, келесі жылы Қазақстан экономикасы жоғарылайды. Мұнай өндіру көлемі де ұлғаяды. Бұл ретте екі жылдан кейін инфляция 4-5 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Асылбек Тойбек