Еліміз үшін маңызды саяси додада Алматы облысы бойынша 147 мың 172 адам дауыс беруге қатысты. Бұл сайлау бюллетеньдері тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,3 пайызын құрайды. Барлығы облыс бойынша 235 үміткер тіркелген еді. Олардың 82-сі саяси партиялардың өкілдері, ал 153-і өзін-өзі ұсынған кандидаттар. Сенім білдіріп, өз таңдауын жасаған жергілікті халықтың дауысы саналғаннан кейін бұл өңірдегі 71 елді мекенде жаңа ауыл әкімдері сайланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы тұста, сарапшы мамандар «сайлау – саяси өмірдегі модернизация» дейді. Басқару жүйесінде халықтың өзіне таңдау жасауға мүмкіндік беру – билікке жаңа реформа әкеледі деген пікірде.
«Бүгінгі ауыл әкімдерін сайлау – бұл биліктің табиғатын, болмысын, құрылымын өзгертетін революциялық қадам дер едім. Өйткені Орталық Азиядан Қазақстан тұңғыш рет әкімдерін өзі сайлайтын дәрежеге жетіп отыр. Бұл – бір. Екіншіден, біз 2-3 жылдан кейін аудан әкімдерін сайлауға кірісетін боламыз. Бұрын «ол мына жақтың әкімі, мына жақтан келген еді, тыңдаймыз, тыңдамаймыз» деген сияқты мәселе болатын. Бүгінгі күні сайланған әкімге ауыл халқы көмектесуге мәжбүр болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым.
Аймақтық сайлау комиссиясының сағат 18:00-дегі мәліметіне сәйкес, Алматы облысындағы әр елді мекенде бір орынға орташа есеппен 3 адамнан келіп тұр. Сонымен қатар, округ әкімдерін сайлауға үміткерлердің 340 сенім білдірген адамдары да қатысып жатыр. Одан өзге, дауыс берудің ашық өтуін қаматамасыз етуде жалпы саны 442 байқаушы қатысты. Атап айтқанда, 212 бақылаушы саяси партия мүшелері болса, 230-ы басқа да қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері екен. Ал, дауыс беру аяқталған соң, комиссия мүшелері қорытынды шығарады. Бұл ретте саясаттанушылар ауыл әкімдері сайланғаннан кейінгі үрдісті де ұйымдастыру қажет деп есептейді.
«Сайланғаннан кейін әкімнің жұмысын бағалау үшін критерийлер қоюымыз керек. Ол жұмысын қалай орындап жатыр? Ауылдың әкімінің өзінің ауылындағы, өзінің аймағындағы болып жатқан құрылысқа, әлде жол салуда ма, әлде мектеп салу керек пе, аурухана салған кезде оның қатысуы қандай? Ықпалы қалай? Осы сұрақтардың жауабы болуы тиіс. Әкімдер жұрттың уәкілдері болып сайланғаннан кейін олардың қатынасуы міндетті емес пе?» – деді Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті, саясаттанушы Есенжол Алияров.